Кездесуге РФ мемлекеттік кеден комитеті төрағасының орынбасары Юрий Азаров, ҚР кедендік бақылау агенттігі төрағасының орынбасары Бауыржан Әбішев пен екі елдің кеден қызметінің басқа да жетекшілері қатысты.
Тараптар қабылданған шешімдердің орындалу барысын жоғары бағалай отырып, өзара ықпалдастықты одан әрі тереңдету және проблемаларды шешудің тиімді жолдарын іздестіру қажеттігін атап өтті, делінген хабарламада. Атап айтсақ, талдау жүйелері мен тәуекелдерді басқаруды біріздендіру қажеттігі туындап отыр. Бұл істе РФ мемлекеттік кеден комитеті ҚР Кедендік бақылау агенттігіне әдістемелік және ақпараттық қамтамасыздық тұрғысынан қолдау көрсетуде. Комитет тәуекелдерді басқару жүйесінің тұжырымдамасы туралы ақпараттармен бөлісті. Бұл тұжырымдама ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің кеден қызметтерінің тәуекелдерді басқару жүйесінің тұжырымдамасы жобасын дайындауда негіз етіп алынды.
Кездесуде шекаралық кеден мекемелері тарапынан Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы арқылы өтетін тауарлардың кедендік құнын декларацияда дұрыс көрсетпеу көрінісіне тосқауыл қою, оларды әшкерелеу және алдын-алуға бағытталған бірлескен шараларды жүзеге асыру туралы айтылды. Экономикалық контрабанда, есірткі заттарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымымен күрес жолдары мен әдістемесі жайында пікір алмасу үшін РФ мемлекеттік кеден комитеті мен ҚР Кедендік бақылау агенттігі жұмыс бабындағы кездесулер өткізіп тұру тәжірибесін қолданысқа енгізді.
РФ мемлекеттік кеден комитетінің контрабандамен күрес жөніндегі бас басқармасы РФ мемлекеттік кеден комитеті мен ҚР Кедендік бақылау агенттігі арасындағы 2004-2005-жылдарға арналған кедендік құқық бұзушылықпен бірлескен күрес шараларының жоспарын жасады. Тараптар өзара жедел ақпарат алмасып отыру үшін жұмыс бабындағы байланыстар орнатып, іске асыра бастады. Мәселен, ресейлік әріптестерімен ақпарат алмасу нәтижесінде ҚР Кедендік бақылау агенттігінің Батыс Қазақстан облыстық кедендік бақылау департаменті жасанды құжаттар пайдалану жолымен шекарадан тауар алып өтуге байланысты 13 қылмыстық іс қозғады. Рәсімделген декларациялардағы мәліметтерді салыстыру нәтижесінде ҚР Кедендік бақылау агенттігінің Шығыс Қазақстан облыстық кедендік бақылау департаменті 7 қылмыстық іс қозғады.
Кездесуге қатысушылардың пікірінше, сапалы ақпараттармен алмасу экономикалық қылмыстар мен кеден ісі саласындағы заңды белден басу оқиғаларымен күрес мақсатында кедендік мекемелерге өз іс-қызметін тиімді жоспарлауға, соның ішінде сыртқы экономикалық алыс-беріске қатысушылар мен түрлі операцияларды тексеруге мүмкіндік береді.