Н.Бордюжаның айтуынша, «Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімі ұйымын қалыптастыру процессі іс жүзінде аяқталды. Ұжымдық Қауіпсіздік Келісіміне мүше 5 елдің парламенті жарғылық құжаттарды бекітіп үлгерді».
Осы орайда Н.Бордюжа тек Армения парламенті ғана құжаттарды техникалық себептермен бекіте алмағанын хабарлады. Н.Бордюжа Арменияның жуырда ғана құрылған парламенті бұл мәселені алғашқы отырыстарының бірінде талқылайды дегенге сенім білдірді.
Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің бас хатшысы сондай-ақ, Ресей мемлекет басшысын ұйымның ағымдағы жұмыс барысынан хабардар етті.
Н.Бордюжа Ұжымдық Қауіпсіздік Келісіміне мүше елдердің сыртқы саясат саласындағы іс-қызметін мейлінше белсенді үйлестіру қажеттігін атап өтті. Осы орайда ол Ұжымдық Қауіпсіздік Келісіміне мүше елдердің кейбір халықаралық оқиғалар мен ғаламдық қауіпсіздік мәселесі бойынша ортақ позицияны тұрақты режимде қалыптастыруы қажет деген тілек білдірді.
Ұжымдық Қауіпсіздік Келісіміне мүше елдердің позициясын өзара табысты үйлестіруге мысал ретінде Н.Бордюжа Корея түбегіндегі ахуал бойынша ортақ мәлімдеме қабылдауды атады. Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің бас хатшысы ұйымға мүше елдердің аталмыш оқиғаға дер кезінде назар аударып, өзара ортақ позицияны дәйектеп үлгергенін ерекше атады. Бұл күндері КХДР төңірегіндегі шиеленіс бойынша Пекинде алты жақты келіссөздер жүргізіліп жатқаны белгілі.
Сондай-ақ, Н.Бордюжа В.Путинге БҰҰ-ның жанындағы халықаралық аймақтық ұйымдардың бесінші бас қосуына қатысып қайтқандығы туралы есеп берді. Онда Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімі Ұйымы туралы жер жаҺанға жария етілген болатын.
Бас хатшының айтуынша, бұл кездесу аясында Нью-Йоркте ол Еуропа Кеңесі, Интерпол, Ислам конференциясы ұйымы тәрізді ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Аталмыш кездесулерде Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімі Ұйымының алдында тұрған мақсаттар талқыланды деді Н.Бордюжа.