Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Қазақстандағы құзырлы органдардың алдында ядролық қарусыздандыру бағдарламасы аясында оқтұмсықтардан ресейлік тарап тәркілеген қазақстандық уран үлесі үшін ақшалай өтемақы алу туралы өзекті мәселе тұрды. Нәтижесі – бюджетке 136,1 миллиард теңге көлемінде қаражат түсті", – деді Мәсімов.
Оның айтуынша, ортаазиялық республикалардың біріндегі арнайы қызметпен ынтымақтастық нәтижесінде Қазақстан ҰҚК ядролық материалдардың заңсыз айналымымен айналысқан трансұлттық қылмыстық топтың жолын кесті. “Ол қылмыстық топ құрамында Орталық Азия елдерінің азаматтары болған”, – деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.
Жалпы 2020 жылдың өзінде-ақ мемлекеттік экономикалық даму бағдарламаларын бақылау, сондай-ақ шетелдік инвесторлар, қаржы-өнеркәсіптік топтар мен трансұлттық компаниялардың жұмысын қадағалау аясында ел бюджетіндегі 925,3 миллиард теңге (2,1 миллиард доллар) шығынның алдын алу мүмкін болды. Сондай-ақ мемлекет пайдасына 147,23 миллиард теңге (шамамен 345 миллион доллар) кіріс кірді.