«Ресей жағы апаттың себептерін анықтауға, апатқа ұшыраған зымыран бөлшектерін іздеуге, «Байқоңыр» ғарыш айлағында зымырандарды ұшыру барысында төтенше оқиғалар болған жағдайдағы ықпалдастық тәртіптері туралы Қазақстан және Ресей үкіметтері арасындағы 1999-жылдың 18-қарашасындағы келісімнің ережелеріне сәйкес апаттың болуы мүмкін зардаптарын жоюға барлық шараларды қолданып жатқанын хабарлады»,- деді І.Омаров.
СІМ өкілінің хабарлауынша, «қазір зымыран құлаған жерде қазақстандық және ресейлік мамандар қоршаған орта нысандарынан алынған сынамаларды алғашқы талдаудан өткізуде».
І.Омаровтың хабарлауынша, «зымыран апатқа ұшыраған күні ҚР СІМ Ресейдің сыртқы саясат мекемесіне нота жолдап, онда Ресей жағына зымыран тасығыштың құлау дерегін қысқа мерзімде тексеру үшін үкіметтік комиссия құрылғаны жөнінде хабардар етті».
«Сол күні үкіметтік комиссия жұмыс топтары тарапынан зымыранның құлау зардаптарын жою шараларының жоспарын бір айда жасап, топ жетекшілеріне тапсыру туралы шешім қабылдады. Шаралар жоспарында тұрғындарды дәрігерлік тексеруден өткізу, Қызылорда облысына келген экономикалық және экологиялық шығынның орнын толтыру, аумақтарды мал дәрігерлік тексерулерден өткізу, қоршаған орта нысандарынан сынамалар алып тексеру көзделуге тиіс»,- деді СІМ өкілі.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 27-шілдеде Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған «Днепр» зымыран тасығышы апатқа ұшырады. Республика үкіметінің қаулысымен зымыранның құлауынан келген залал-зардапты анықтау жөніндегі комиссия құрылды. Комиссия төрағасы болып білім және ғылым министрінің орынбасары Азамат Әбдімомынов тағайындалды.
ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, «Днепр» зымыраны құлаған жердегі гептил концентрациясы шектеулі деңгейден мың еседей артық.