«Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің филиалын Ресей Федерациясы аумағында тұратын этникалық қазақтарды оқыту үшін Челябинск облысында ашу межеленген»,- деп мәлімдеді университет ректоры Құсайын Қасенов Қостанай облыстық әкімшілігінде өткен кеңесте.
Жоғары оқу орнының жетекшісі филиал қашан ашылатынын нақтылаған жоқ. Бұл мәселе қазір талқылану үстінде. «Қазір біз еліміздің жоғары оқу орнының филиалын Ресейде ашу қажеттігін дәлелдеу үшін жұмыс істеп жатырмыз»,- деді ол.
Қ.Қасеновтың айтуынша, филалды ашу жөніндегі идеяны Ресей білім министрлігінің білім беру басқармасының бастығы мен Челябинск облысы губернаторының орынбасары Владимир Дятлов қолдаған. «Облыс губернаторы Петр Сумин қазір демалыста жүр, ал бірінші орынбасар деңгейінде бұл мәселе талқыланды»,- деді Қ.Қасенов.
«Біз Челябинск мемлекеттік университетінің ректорымен база беру жөнінде келістік. Соның арқасында бізге енді аудиториялар мен оқытушыларды орналастыратын орын іздеудің қажеті болмай қалды. Филиал қазақ тілі мен филология саласындағы мамандар мен қазақ тілінің тәржімашыларын дайындайтын болады. Өйткені, осындай мамандар Ресей аумағында дайындалмайды»,- деді ректор.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті