Алтай аймағының губернаторы Михаил Евдокимов басқарған ресми өкілдер құрамында аймақтық әкімшілік басшысының орынбасары Сергей Тэн, Алтай аймақтық халық депутаттары кеңесі төрағасының орынбасары Борис Ларин, Барнаул, Бийск, Рубцовск, сондай-ақ, Локтевский, Шипуновский, Третьяковский аудандық әкімшіліктерінің төрағалары бар. Сонымен қатар өкілдер құрамына Алтай аймақтық әкімшілігінің сыртқы экономикалық іс-қызмет департаментінің директоры Александр Жилин, Алтай аймақтық «Қазақ мәдениетінің Ата мұра орталығы» қоғамдық ұйымының төрағасы Қайыржан Досымбеков, «Алтайхимпром» ААҚ-ның бас директоры Валерий Иванов, Алтай аймақтық сауда-өнеркәсіптік палатасының президенті Борис Чесноковтар енген.
Сапар барысында Ресейліктер Шығыс Қазақстан облысының әкімі Талғатбек Абайділдинмен және БАҚ өкілдерімен жүздесіп, Ұлы Отан соғысы жылдарында опат болған жауынгерлердің Даңқына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, «Азия-Авто» ЖАҚ автокөліктер құрастыру зауыты, техносаябақ, диагностикалық орталық пен спорттық-сауықтыру кешенінде болады.
Сондай-ақ, «ӨМЗ» ААҚ-ның мәдениет сарайында Алтай аймағы өнер шеберлерінің біріккен концерті өтеді. Оған 160-тай әртіс қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ, «Сибирь» мемлекеттік орыс оркестрі Семейде концерт береді.