Қазақстан-Қытай мұнай құбыры арқылы мұнай тасымалдану мүмкіндігі туралы журналистер сауалына жауап берген В.Христенко «бәрі де мүмкін» және «ешқашан деп ешқашан айтпа» деп жауап қатты.
Бірақ ол осы орайда қазіргі таңда Ресей мен Қазақстан арасында «отын-энергетикалық ресурстардың, бірінші кезекте мұнай мен газдың ұзақ мерзімді бірлескен балансын жасау бағытында белсенді істер тындырылып жатыр» деп мәлімдеді. Министрдің айтуынша, мұндай ұзақ мерзімді жоспар жасау «инфрақұрылымдық бағыттағы инвестициялық жобалар жасаудың бірден-бір жолы» болмақ. Бұл жерде Ресей мен Қазақстан жоспарлаған бағыттар туралы әңгіме болып отыр, деді В.Христенко.
Министр сондай-ақ «қазір Қазақстанда қызу қолға алына бастаған Қытай бағытында мұнай құбырын тарту» жөніндегі келіссөздер дәл осы айтылған «Қазақстан мен Ресейдегі мұнай өндіру және тасымалдау жөніндегі ұзақ мерзімді баланс туралы диалог аясында» жүргізілуі тиіс. Бұл диалог барысында болашақта салынып жатқан мұнай құбырының қуатын арттыру мүмкіндігі, «осы бағыт бойынша тасымалданатын Ресей мұнайының көлемін есептеу мүмкіндіктері» төңірегіндегі мәселелерді талқылауға болады. «Сол себепті бәрі де мүмкін»,- деді министр.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстан-Қытай бағытындағы мұнай құбыры жобасы мұнайгаз саласындағы ынтымақтастық туралы Қазақстан Республикасы мен ҚХР үкіметаралық келісімінің аясында жүзеге асырыла бастаған. Мұнай құбырын тарту үшін «Қазақстан-Қытай мұнай құбыры» ЖШС атты бірлескен жобалаушы компания құрылған. Компанияға екі жақ та тең 50 проценттік үлеспен Қазақстанның мұнай тасымалдаушы ең ірі компаниясына саналатын «ҚазТрансОйл» АҚ мен мұнай және газ өндіру және оны барлау жөніндегі Қытай Ұлттық Корпорациясы құрылтайшылық жасайды.
Мұнай құбырының жалпы ұзындығы 988 шақырымды, құбыр диаметрі 813 мм-ді, жалпы инвестиция көлемі 1 млрд. долларды құрайды. Бастапқы кезеңде мұнай құбыры жылына 10 млн. тонна мұнай тасымалдау қуатына ие болмақ. Ал жобаның екінші кезеңінде оның өткізгіштік қабілеті 20 млн. тоннаға дейін ұлғайтылады.