Жарияланды: 470

Ресейге жалға берілген Байқоңыр еліміздің меншігіне қайтарылуы мүмкін

Ресейге 50 жылға жалға берілген Байқоңыр еліміздің меншігіне  қайтарылуы мүмкін. Бұған дейін ресми мінберлерден айтылмаған осындай  мәлімдемені бүгін Ғарыш Агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев жариялап дүйім жұртты елең еткізді.

Талғат Мұсабаев, Ұлттық ғарыш Агенттігінің төрағасы:

- Жалға алу шартын бірден тоқтата алмаймыз. Оны асықпай жоспармен іске асыруымыз қажет. Ал  Байқоңырды қарамағымызға нақты қай күннен бастап өтетінін ашып айта алмаймын. Себебі ресейліктерге 2015 жылдан бастайық десек, олар көнбей отыр.

Ал ғарыш айлағын жалға алу келісімін біртіндеп тоқтату туралы екі мемлекеттің басшылары да өзара мәлімдемеге келіпті. Қазір бұл іспен Үкіметаралық комиссия айналысып жатқан көрінеді. Келіссөздер пайдамызға шешілсе, 1994 жылдан бері Ресейге тәуелді болып келген Байқоңыр қаласы бүтіндей Қазақстанның қарамағына беріледі. Бұл бөгде мемлекеттің заңымен жүріп келген отандастарымыз үшін елеулі жаңалық болғалы тұр. Себебі онда  тұратындардың 60 пайызы - қазақтар. Айта кетсек, ғарыш айлағын 2050 жылға дейін жалға алған Ресей елімізге жылына 115 миллион доллар төлеумен шектеліп отыр. Ал коммерциялық ұшырылымдардан Мәскеу млрдтап табыс тауып жатыр деген депутаттар Мәжіліске есеп беруге келген Талғат Мұсабаевқа дүрсе қоя берді. Ол өтемақы мөлшерін көбейту мәселесін  шешу менің құзыретіме жатпайды деп ашығын айтты. Қазақ ғарышкерін көкке ұшыру туралы да сұралып еді, шенеунік оған ақша бөлмей қойған  Үкімет кінәлі деді. Ал жарнамасы жер жарған «Бәйтерек» зымыран кешенінің құрдымға кетуіне байланысты да өзіне шаң жуытпады. Бір айтқаны- 2013 жылдан бастап талай мәрте қазақ жеріне құлаған «Протон» зымыран тасығышын ұшыру қысқартылады. Ал Агенттік шатқаяқтап тұрған   ғарыш саласын дамыту үшін жылына бюджеттен  300 млн доллар сұрап отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін