Бас қосу барысында қоғамдастыққа мүше елдер арасындағы тауар қозғалысына кедендік бақылау жасау процедураларын жеңілдетуге бағытталған қарым-қатынастарды реттейтін екі халықаралық келісімге қол қойылады деп күтілуде.
Сонымен бірге ЕурАзЭҚ елдері нарығында өнімдер айналымының біртұтас белгісін пайдалану арқылы техникалық реттеу саласындағы заңнамаларды біріздендіру көзделіп отыр, деді ол.
Сонымен бірге отырыста Орталық Азиялық ынтымақтастық ұйымының ЕурАзЭҚ-қа интеграциялануына қатысты құжаттар топтамасы қаралады.
Отырыстың күн тәртібінің жобасына 25 мәселе енгізілген. Атап айтсақ, ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің нарығында өнімдер айналымының біртұтас белгісін пайдалану туралы келісімге және кедендік төлемдерді кедендік мекеменің есепшотына ақша аудару арқылы төлеу немесе ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің кедендік мекемелерінің кедендік бақылауы аясындағы тауарлар қозғалысы барысында банктердің кепілдігін пайдалану арқылы жүзеге асыру жайындағы келісімге қол қою жоспарланған.
Отырысқа қатысушылар мемлекетаралық бағдарламалардың жобасын жасауға арналған ғылым мен технологиялардың басымдық берілген бағыттарының тізімін бекітеді.
Сонымен бірге ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесінің «2007-жылға арналған бюджеттік саясаты туралы» бюджеттік жолдауының жобасы, ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің негізгі макроэкономикалық даму көрсеткіштері, ЕурАзЭҚ органдарының лауазым иелері мен қызметкерлеріне қойылатын кәсіби шеберлік талаптары, ЕурАзЭҚ іс-қызметі мен ЕурАзЭҚ бюджетін реттейтін негізгі құжаттарға өзгерістер енгізу мәселелері, ЕурАзЭҚ аясында қол қойылған халықаралық келісімдердің күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік процедуралардың орындалуы туралы, Орталық Азиялық ынтымақтастық ұйымының ЕурАзЭҚ-қа интеграциялануын құқықтық реттеу және басқа да мәселелер талқыланады.
Осы орайда естеріңізге сала кетсек, ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің нарығында өнімдер айналымының біртұтас белгісін пайдалану туралы келісімге сәйкес, біртұтас белгі қоғамдастық аясындағы техникалық регламент талаптарына сай келетін өнімдерге маркировка жасау үшін қолданылады. Біртұтас белгінің пішіні мен мөлшері, онымен өнімдерге маркировка жасау тәртіптері ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің нарығында өнімдер айналымының біртұтас белгісін пайдалану туралы ережелерде айқындалады. Оны ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесі бекітеді.
Біртұтас белгі соғылған өнімдер ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің аумағында өнімді жасаушы ел тарапынан сәйкестікті растайтын құжаттарды қайтадан рәсімдемей-ақ сатылады.