Кеңесте индустрия және сауда министрлігінің бағдарламаны жүзеге асыру барысы туралы есебі тыңдалды. Мекеме ақпаратына сәйкес, ипотекалық несие беру және тұрғын үйге арнап ақша жинақтау жүйелері «тұтастай алғанда Қазақстан көлемінде жақсы дамып келеді».
ҚР индустрия және сауда министрлігінің құрылыс істері жөніндегі комитетінің төрағасы Қайсар Омаровтың айтуынша, ипотекалық несие беру бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Алматы, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жоғары көрсеткіштер тіркеліп отыр.
Қ.Омаровтың хабарлауынша, қазіргі жағдаймен үкімет ипотекалық бағдарлама бойынша тұрғын үй салуға 17,5 млрд. теңге бөлді. Ал коммуналдық тұрғын үй салуға арналған 6,5 млрд. теңгенің 5 млрд. теңгесі бөлінді. Қаржының қалған бөлігі қаржыландыру жоспарына сәйкес қазан айында аударылады,- деді Қ.Омаров.
Ол сондай-ақ үкімет тарапынан коммуналдық тұрғын үй салуға арнап бөлген қаржы биылғы жыл соңына дейін игеріліп бітуге, «үйлер бағдарламада көзделгеніндей 2005-жылдың екінші тоқсанында пайдалануға берілуі тиіс» екеніне аймақ басшыларының назарын аударды.