Үкімет басшысының түсініктемесіне жүгінсек, соның нәтижесінде жанар-жағармай бағасы шұғыл көтерілген жағдайда үкімет жанар-жағармай қорын интервенциялық мақсатта нарыққа шығара алады. Д.Ахметов осы орайда 2003-жылғы бюджетте бұл мақсатқа 2,9 млрд. теңге қарастырылғанын еске салды. Сондай-ақ, үкімет басшысының хабарлауынша, жанар-жағармай бағасының тұрақтылығын сақтау үшін «үкімет бірқатар компаниялармен шартқа отырған. Олар 2004-жылы мұнай өңдеу мөлшерін әжептәуір арттыруға мүмкіндік береді».
Үкімет басшысы ортаға салған мәліметке сәйкес, 2003-жылы мұнай өңдеу көлемі 2002-жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 12 процентке өскен. «Жанар-жағармай бағасы баршамыздың қалтамызға шақ болуын бәріміз қалайтынымыз анық. Дегенмен, қазір біз нарық жағдайында күн кешіп отырғанымызды ұмытпау керек. Жанар-жағармай бағасын әкімшілік әдіспен арзандатуға ұмтылу қисынға келмейді»,- деді Д.Ахметов. Демек, үкімет басшысының айтуынша, қазіргі жағдаймен, жанар-жағармай қорын құрғаннан өзге, тауқыметті шешудің тиімді жолы табылмай тұр.