Қазақстанның сыра өндірушілері Одағының атқарушы директоры Зоя Рябованың айтуынша, қазіргі таңда сыра өндірісі саласының өсу қарқыны көңілге сенім ұялата алады. Сыра рыногы жылына орта есеппен 9-10 процентке өсуде, 2003-жылы елімізде 23,5 мың декалитр сыра өндірілді. Ал қазақстандық кәсіпорындардың өндірістік қуаты қазіргі көлемнен екі есе артық сыра өндіруге мүмкіндік береді. Қазақстанға халықаралық ірі концерндер келгеннен бері отандық өнімдердің сапасы да артып, шетелдік баламалы өнімдермен салыстыратындай деңгейге көтерілді.
Қазақстандағы сыра тұтыну деңгейі жан басына шаққанда 17,3 литрді немесе 1991-жылғы деңгейдің 75 процентін құрап отыр. Осы орайда салыстырмалық мысал келтіре кетсек, Ресейде бұл көрсеткіш 54 литрді, Украинада 30 литрді, Беларусьта 25 литрді құрайды.
Сыра тұтыну мөлшерінің артуы халықтың тұрмыс деңгейінің артуына және тұтынушылардың біраз бөлігінің күшті спиртті ішімдіктерден құрамында алкоголі аз сыра мен шарапқа ден қоюы да әсер етіп отыр. Бүгінде елімізде күшті спиртті ішімдіктерді тұтыну мөлшері 61 процентті, сыра тұтыну көрсеткіші 21, шарап тұтыну көрсеткіші 18 процентті құрайды. Ал Еуропада күшті спиртті ішімдіктерді тұтыну мөлшері 20, сыра мен шарап тұтыну көрсеткіші тиісінше 40 процентке тең.
Сөйтіп, сыра өндірушілердің пайымдауынша, отандық сыра рыногы алдағы бірнеше жыл бойы тұрақты даму арқылы ауылшаруашылығы, әйнек өндіру, көлік және сауда-саттық тәрізді басқа да экономика салаларын өзімен бірге ілгері сүйрей алады.
Қазақстанның сыра өндірушілері Одағының мәліметі бойынша, Ресейдің сыра өнеркәсібі ел экономикасының бір локомотиві ретінде танылып отыр. Осыған байланысты бұл елде салалық кәсіпорындарға салықтан жеңілдіктер көрсетіледі. Ал Қазақстанда бұған мүлдем керісінше, саланың дамуына республикалық заңнамалар кедергі келтіруде.
Сыра Қазақстанда спиртті өнімдердің тізіміне енгізілгендіктен, оны жарнамалауға тыйым салынған. Демек, Ресеймен біртұтас ақпараттық кеңістік аясында орналасқан қазіргі ахуалда тұтынушылар белсенді жарнамаланып жатқан өнімдерге қызығушылық танытатыны түсінікті. Соның салдарынан Қазақстанда өндірілетін сыра өнімдерінің үлес салмағы азайып, салық базасы кеми түспек.
Қазақстанда қазір ресейлік бір брендтің балы жүріп тұр. Тұтастай алғанда
Ресейлік өнімдер Қазақстан рыногының 20 процентін жаулап алған. Сыра өндірушілердің пікірінше, отандық өнім өндірушілердің оны импорттаушылармен бірдей жағдайда болмауы шетелдіктердің қазақстан рыногын жаулап алуына түрткі болып отыр.
Сыра өндірушілердің есебі бойынша, 2004-жылы елімізге импортталған сыраның құны 4 млн. долларға жеткен. Бұл көлемді отандық кәсіпорындар өндірген жағдайда республикалық бюджет акциздік алымдар есебінен қосымша 1 млрд. теңге пайда тапқан болар еді.
З.Рябованың пікірінше, осындай тығырықтан шығу үшін сыраны спиртті өнімдер тізімінен шығару, соған сәйкес оны жарнамалауға рұқсат беру қажет. Парламент сыраны жарнамалауға рұқсат беретін заңды қабылдаған жағдайда отандық сыра өндірушілер өзіндік ар-ұждан кодексін қабылдап, онда өз өнімдерін жастар арасында жарнамаламауға міндеттеме жүктей алады. Атап айтсақ, жарнамада жастардың бейнесін пайдаланбау, маркетингтік мақсатты топ ретінде аға буын тұтынушыларды таңдау жөнінде ұсыныс жасалды.