Республикалық басылымдарға шолу - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+14 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Республикалық басылымдарға шолу

Республикалық басылымдарға шолу

Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми төртінші шақырылған Парламенттің төртінші сессиясының қорытындылары бойынша баспасөз мәслихатын өткізді. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Сенат өз міндетін толық орындады» деген тақырыппен берілді. Басылымның атап өтуінше, Сенаттың осы сессиядағы қызметі негізінен Ел­ба­сының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдау­ын­да белгіленген стратегияларды, сондай-ақ мемлекеттің сыртқы және ішкі саясатындағы маңызды міндеттерді орындауға бағыттал­ған шараларды құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етуге арналып, барлығы 140 заң қабылданды.

  • 24 Маусым 2011
  • 353
Фото - Caravan.kz

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Астанада еліміздің Премьер-Министрі — Назарбаев Университеті Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Кәрім Мәсімов шетелдік ЖОО-серіктестер өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында Премьер-Министр Назарбаев Университеті мен Ин­теллектуалдық мектептер желісін еліміздің индустриялық дамуы­на арналған озық технологиялар мен инновацияларды әзір­леу және енгізу жүйесіне айнал­ды­руға қызығушылық білдірді.

***

«Қылмыстық атқару жүйесі саласының қызметкерлері осы жылдың алты айы ішінде еліміздің түрмелеріне заңсыз жолмен өткізілмекші болған 2,2 миллиард теңгені тәркіледі. Әділет министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы Сұлтан Күсетов кеше осындай мәлімдеме жасады», — деп жазады «Айқын» газеті «Түрмеден 2,2 млрд теңге «табылды» деген мақаласында. «Жыл басынан бергі мерзім аралығында түрмеде отырған жазаланушыларға заңсыз өткізілуі тиісті болған 2,2 миллиард теңгемен қоса, 60 келіден астам есірткі және жалпы салмағы 6 тоннадан астам алуан түрлі ішімдік тәркіленді», — депті ол.

«Нұр Отан» партиясының бастамасымен былтыр қолға алынған «Нұр Сұңқар» байқауы биыл да ұйымдастырылды. Дәстүр жалғастығына ұласып үлгерген дүбірлі додада журналистиканың жалына жармасып жүрген жандар құрмет пен қошеметке кенелді. Бұл жайында «Айқын» газетіндегі «Нұр Сұңқар» сыйлығы талантты журналистерге табысталды» деген мақалада егжей-тегжейлі баяндалған.

***

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевпен арадағы сұхбат «Билік БАҚ-пен санасуы керек, әйтпесе таяқтың бір ұшы өзіне тиеді» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Кеңес Одағы кекзінде журналистерге ерекше жағдай жасалатын. Журналистер одағының мүшесі болған азаматқа қосымша тоғыз шаршы метрлік баспана алаңы берілетін. Ал Тәуелсіз Қазақстанның журналисі баспанасын да, басқасын да ойлап, басын қатырумен жүр. Мұны мен бірнеше мәрте көтеріп келемін. Осы тұрғыдан айтарым, Қазақстан журналистерінің өз мәртебесі (статусы) болуы керек», — депті.

«Батыс Қазақстан облысында аусылға ұқсас ауру жұқтырған малдың қатары көбейіп кетті. Кеше өртелген ірі қара мен ұсақ малдың саны 900-ден асқаны хабарланды», — деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Төтенше жағдайлар министрлігі мамандарының мәліметінше, маусымның 22-сі күнгі есеп бойынша барлығы 205 ірі қара мен 709 қой-ешкі өртелген. Бұл — індет шыққан Лбищенск ауылындағы мал басының үштен біріне жуық. Қазіргі уақытта ауылда ветеринарлық бақылау тұрақтары орнатылып, сақтық шаралары күшейтіліп отыр. Мақала «Ауру жұқтырған малдың қатары көбейіп барады» деген тақырыппен берілген.

***

«Кеше Астанада ҚР Қауіпсіздік кеңесі жанындағы сараптамалық кеңестің қатысушылары Қазақстандағы этнодіни ахуалды дамыту мәселелерін талқылады», — деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Талқылау барысында ҚР Президентінің көмекшісі — Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Тәжин талқылау барысныда аймақ пен әлемдегі жаңа үрдістерді, Қазақстанның әлеуметтік-саяси дамуының динамикасы туралы атап өткен.

Соңғы жаңалықтар