Г.Әбдіхалықованың айтуынша, 2003-жылы әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға Жалпы Ішкі Өнімнің 4,4 проценті немесе 202 млрд. теңге мөлшерінде қаржы жұмсалды. Ал 2004-жылы бұл мақсатқа 230 млрд. теңге (Жалпы Ішкі Өнімнің 4,8 проценті) қарастырылып отыр.
Қазіргі жағдаймен елімізде 3,5 млн. адам (немесе халықтың 23,6 проценті) әлеуметтік қорғау аясына қамтылған. Республикалық және жергілікті деңгейде бюджет қаржысы есебінен халықтың түрлі категорияларына тағайындалатын әлеуметтік төлемдер, жеңілдіктер, жәрдемақылар мен көмек қаржысының 34 түрі ескерілген.
Сондай-ақ, әлеуметтік салаға жұмсалатын қаржы мөлшерінің ұдайы өсуі әлеуметтік реформаларды тереңдетуге, жұмыссыздық, тіршілік деңгейін арттыру, әлеуметтік төлемдер жүйесін жетілдіру, зейнетақы жүйесін дамыту тәрізді әлеуметтік маңызы бар проблемаларды шешуге септігін тигізуде.
Атап айтсақ, 2004-жылы бюджеттен жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысы орта есеппен 20 процентке артты. Кіріс мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейтін тұрғындардың үлес салмағы 3,7 процентке төмендеді. 2003-жылы орташа зейнетақы мөлшері 24,2 процентке артып, 6485 теңгеден 8243 теңгеге жетті. 2004-жылдың 1-қаңтарында ең төменгі зейнетақы мөлшері 5800 теңге болды (42$).
Сонымен бірге, Г.Әбдіхалықованың пікірінше, әлеуметтік саясатты дамытудың басымдықтары мыналар: ана мен баланы қорғау, мүгедектердің қоғамға интеграциялану процесіне түрткі болу, мүгедектерді кәсіби және әлеуметтік сауықтыру бағытындағы жұмыстарды күшейту.
Халықтың әлеуметтік аз қорғалған бөлігіне мемлекеттік қолдау көрсетудің нақты әрі тиімді шараларының бірі — мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек институтын енгізу болмақ,- деді Г.Әбдіхалықова. 2004-жылдың 1-қаңтарындағы жағдаймен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің орташа айлық көрсеткіші 1087 теңге (8$) болды.
Г.Әбдіхалықованың айтуынша, әлеуметтік қорғау саласындағы болашақ басты мақсаттар мемлекеттік әлеуметтік стандарттар жүйесін жетілдіру; әлеуметтік қамтамасыздық жүйесін дамыту; халықты жұмыспен қамту тиімділігін арттыруға түрткі болу және еңбек қарым-қатынастарын реттеу тетіктерін жетілдіруге саяды.
Әлеуметтік реформалардың басымдық берілген бағыттарын жүзеге асырудың басты нәтижесі — халықты әлеуметтік қамсыздандыру деңгейін арттыру болмақ. «Соңғы жылдарда Қазақстандағы халықты әлеуметтік қорғау жүйесін дамытудың саяси-экономикалық мүмкіндіктері айтарлықтай жақсара түсті. Бұл өз кезегінде ЕурАзЭҚ және Біртұтас Экономикалық кеңістік аясындағы интеграциялық процестерге ықпал етуде»,- деді Г.Әбдіхалықова. «Біз әлеуметтік бағдарлы интеграциялық қоғамдастық құруға қажетті жағдайларды қамтамасыз ету қажеттігін айқын сезініп отырмыз. Бұл орайда халықты әлеуметтік қорғау саласындағы ұлттық заңнамаларды үйлестіру және өзара келісілген саяси іс-шараларды жүзеге асыруға бағытталған ортақ жұмыстарымыз оның маңызды құрамдас бөлігіне айналмақ»,- деді ол.