Жарияланды: 270

Республикалық маңызы бар барлық жолдар көліктер үшін қайта ашылды

Республикалық маңызы бар барлық жолдар көліктер үшін қайта ашылды

Бүгін таңертеңгі сағат 07:00-ден бастап еліміздің республикалық жолдарында көлік қозғалысы жанданды.

Еске салайық, кеше кешқұрым аязға және боранға байланысты бірқатар республикалық жолдар жабылған болатын. Қазіргі кезде бұл жолдардың барлығы ашылды, деп хабарлайды «Қазақавтожол» РМК-ның баспасөз қызметі. Мәселен, 11 желтоқсан күні 18:30-дан бастап ауа температурасының күрт төмендеуіне орай Павлодар облысының барлық бағыттарында автокөліктің барлық түрлері үшін жолға шығуға тыйым салынған еді. Ал Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы аяздың салдарынан кеше 18:30-дан бері «Омбы-Майқапшағай» автожолының 587-733 шақырымындағы «Павлодар облысы шекарасы-Семей» учаскесі аралығында қоғамдық және дизель отынымен жүретін автокөліктердің қозғалысына шектеу енгізілген болатын. Бұдан бөлек, боранға байланысты "Қарағанды-Аягөз-Бұғаз" автожолының 525-704 шақырымындағы "Баршатас-Аягөз" учаскесі аралығында автокөліктің барлық түрлері үшін жол жабылған. Сонымен қатар, кеше кешқұрым қатты аязға байланысты Қарағанды облысы аумағындағы жолдарда қоғамдық, жүк және дизель отынымен жүретін көліктердің қозғалысына тыйым салынған еді. Мұнымен қоса, сағат 19:00-ден бастап ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты Қостанай облысының барлық бағыттарында қоғамдық және дизель отынымен жүретін автокөліктердің қозғалысына тыйым салынды. Бұған қоса, дәл осындай шектеу Астанадан шығатын барлық бағыттарға да енгізілген болатын.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін