Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбайдың «Отан» партиясының мүшелігінен бас тартатыны туралы кешегі мәлімдемесі хақында түсініктеме берген бұрынғы партияластары «бір ғана мүшенің қатардан шығуын асыра әсірелеп, қайғылы оқиғаға айналдыруға болмайды» деп мәлімдеді. «Әрине, біз Ж.Тұяқбайдың арамыздан кеткеніне өкінеміз, бірақ онымен конструктивті ынтымақтасу мүмкіндігін жоққа шығармаймыз»,- деді А.Ермегияев.
Ж.Тұяқбайдың өз пікірін жария ету құқығын мойындаған А.Ермегияев былай деді: «сайлау қорытындысы жаппай бұрмаланды деген уәжге қосыла алмаймыз және Ж.Тұяқбайдың жеке көзқарасы партия мүшелерінің басым көпшілігінің пікіріне мүлдем қатысы жоқ». Сайлау науқаны барысында көрініс берген бүкіл заң бұзушылықтарды тексеруден «Отан» партиясы басқа партиялармен бірдей мүдделі, деді ол.
А.Ермегияевтың айтуынша, сайлау кезінде болған кейбір кемшіліктер мен заң бұзушылықтар туралы партия бұдан бұрын да айтқан. «Жергілікті жерлердегі жекелеген атқарушы билік өкілдері асыра сілтеушілікке жол бергені рас. Кәсіби біліктілігі мен адамгершілік қасиеттері төмен бір бөлігі «орынтақтарын» сақтап, жарамсақтанып қалу үшін жеке мүдденің жетегінде өткен сайлауда заң бұзушылықтарға жол берді»,- деді ол. Дейтұрғанмен, А.Ермегияевтың айтуынша, «әшкереленген осындай азын-аулақ қайшылықтар 2004-жылғы сайлау елімізге лайық емес фарсқа айналды деп жар салуға негіз бола алмайды».
Оның айтуынша, «сайлау қорытындысы тұтастай алғанда халықтың ерік-жігерін көрсетті және ол сансыз көп сайлау штабтары, комиссиялары, сенімді өкілдер, бақылаушылар мен үгітшілердің сайлаушылармен жұмысқа жұмсаған орасан күш-жігеріне лайықты да».
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбай «Отан» партиясынан шығатынын мәлімдеді. Ж.Тұяқбайдың айтуынша, ол «парламент сайлауы барысындағы былықшылықтарға қарсылық» белгісі ретінде осындай шешім қабылдаған. Ж.Тұяқбай Қазақстан президентіне парламент мәжілісінің өткен сайлауын заңсыз деп танып, жаңа сайлау белгілеу туралы өтініш жасады.
Мәжіліс төрағасының айтуынша, егер сайлау заңсыз деп танылмаған жағдайда ол парламент депутаты деген құзыреттен, яғни, мәжіліс төрағасы лауазымынан бас тартады.