Осындай деректерге байланысты, 2004-жылдың маусым айында Республикалық СЭС пен «Алма тест» ЖШС Алматы базарларына бірнеше мәрте рейд жүргізді. Нәтижесінде Қытайда өндірілген «Баракат» күрішінен алты, Қазақстанда өндірілген «Ақмаржан» күріш сортынан екі сынама алынды. Зерттеулер қорытындысы бойынша, «Баракат» күрішінің төрт сынамасында кадмий мен қорғасын концентрациясы шектеулі мөлшерден 1,5-3 есе артық екені, ал екі сынамада ауыр металл тұздарының мөлшері шектеулі мөлшерде екені анықталды. Сондай-ақ, күріш сәйкестік сертификатынсыз, ілеспе құжаттарсыз сатылған.
Зерттеулер қорытындысы шыққаннан кейін Республикалық СЭС аталмыш сынамалар алынған базарлар басшылығына күріш партиясын сатуды доғару туралы нұсқама жіберді. Алайда, екінші қайта өткізілген рейд нәтижесінде зиянды күріштің әлі де сатылып жатқандығы анықталды. Бірақ бұл жолы сатушылар күрішті басқа қаптарға аударып салып, оны өзбек күріші ретінде сата бастаған.
Тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі «Адал» қоғамдық бірлестігінің президенті Артық Сейітқалиеваның айтуынша, күріштің басым бөлігі дәл осы базарларда сатылатындықтан, сынамалар сол жерден алынған. Ал дүкендерде өнім сапасын дәлелдейтін құжаттар, әдетте, толық болады.
«Алма тест» ЖШС-нің директоры Санат Құрманғалиевтің айтуынша, Орталық Азия елдері мен Қытайдан Қазақстанға импортталатын күріштің басым бөлігі 1998-1999 жылдары өндіріліп, күні бүгінге дейін қоймаларда сақталған. Сондай-ақ, 2003-жылы Қазақстанға Қытайдан 60 мың тоннадай күріш контрабандалық жолмен әкелінген.
Осыған байланысты Республикалық СЭС «Алма тест» ЖШС мен Тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі «Адал» қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып үкіметке ұсыныс жолдады. Онда фитобақылауды қамтамасыз ету үшін елімізге азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі тасымалданатын кеден бекеттерінде СЭС зертханаларын ашу туралы ұсыныс білдірілген.