«Лев Толстой әңгімесінің желісінде түсірілген драмалық бұл фильмнің ұзақтығы 65 минут. Түсірілім жұмыстары Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш ауылы маңында жасалды. Оны былтыр «Ар продакшн» продюсерлік орталығының қатысуымен 9 күннің ішінде түсірдік. Биылғы жылы монтаж жұмыстары толық аяқталған соң Гатчинадағы халықаралық әдебиет және өнер фестиваліне қатысу үшін өтініш жолдағанбыз, ұйымдастырушылардың көңілінен шыққан сияқты. Олар бұл фильм арнайы кино таспаға көшірілмесе де фестивальге қатысуға рұқсат беріп отыр», — дейді Мірғалым Есіркепов. Белгілі телережиссер енді 10 наурыз күні алғашқы толықметражды шығармасының бағын сынау үшін Санк-Петерборға аттанғалы отыр. Виктор Пұсырмановтың шәкірті екінші курсты оқып жүрген кезінде-ақ «Қазақстан-Моңғолия» фильмінің түсіріліміне атсалысқан болатын. Одан кейін «Қазақфильмде» жұмыс жасаған кезде қосалқы режиссер ретінде біраз фильмнің түсірілуіне қатысты. Сондай-ақ 10 жыл бойы теледидарда қызмет жасап көптеген деректі фильмдердің авторы болды. Бұл еңбегі ескерусіз қалмай соңғы жұмысы үшін «Алтын жұлдыз» сыйлығын да иеленді.
Жалпы Санк-Петербор түбіндегі Гатчина қаласында өтетін бұл өнер долдасына биыл Ресей Федерациясының халық артисі Игорь Масленников бастаған қазылар алқасы төрелік жасамақ. Ресей киносының Отаны саналатын Гатчинада алғашқы деректі таспалар 1896 жылдан бастап түсіріле бастайды. Онда осы уақытқа дейін 100-ден астам деректі, ғылыми-танымдық және көркем фильмдер жасалған. Олардың арасында «Александр Суворов» (1941), «Софья Перовская» (1967), «Ашық кітап» (1974), «Солақай» (1986) сияқты туындылар бар. Онда әлемдік кинематографияның жаңа туындыларын таныстыратын халықаралық фестиваль өткізу үрдісі 1995 жылы басталды.