Бұл туралы фестивальді ұйымдастырушылар хабарлады.
Шара Астана күні қарсаңында, 2012 жылғы 1-3 шілде аралығында өтпек. Шара 2012 жылғы 1 шілдеде Бейбітшілік және келісім сарайында салтанатты түрде ашылады. Астана кезекті рет әлемдік кино жұлдыздарын, әйгілі актерлерді, режиссерлерді, мәдениет және өнер қайраткерлерін, продюсерлерді және әлеуетті инвесторларды жинайды. Фестивальға қатысушылар арасында Корея, Жапония, Қытай және Қазақстаннан 150 делегат, АҚШ, Еуропа, Ресей және Қазақстаннан 300-ден астам қонақ пен өкілдер бар.
«Астана» экшн-фильмдер фестивалінің аясында алғаш рет жастарға арналған «ART FEST» байқауы өтеді. Ондағы мақсат — жас таланттарды іздеу және оларды қолдау. Байқауға Қазақстан, Жапония, Қытай және Кореядан барлығы 200-ден астам жас сценарийшілер, режиссерлер, операторлар, суретшілер және аниматорлар өтініш берді. Осылардың ішінен іріктеуден өткендер фестиваль өтетін 3 күн ішінде «1 күн ішіндегі видео, комикстер, костюмдер, анимация» номинациялары бойынша «Астана суперкейіпкерін» жасау жөніндегі өз идеяларын ортаға салады. Негізгі талап — қазақ халқының мәдениетін, Қазақстанның қазіргі астанасының рухын көрсететін бүгінгі күннің мүлде жаңа кейіпкерін ойлап тауып, оны аша білу. Үміткерлерге арналған жұмыс алаңдары мен шеберлік сыныптары Қазақ Ұлттық университетінің «Шабыт» ғимаратында орналасқан.
Кинофестиваль шеңберінде танымал кино мэтрлерінің қатысуымен жеті шеберлік сыныбы өтеді. Олардың ішінде әйгілі «Робин Гуд» және «Граф Монте-Кристо» фильмдерін түсірген америкалық режиссер және сценарийші Кевин Рейнольдс және ағылшын продюсері, сценарист, режиссер әрі актер Джон Дж. Келли және тағы басқалар бар.
Биыл да әдеттегідей, финалға шыққан 10 қатысушы арасында үшінші жыл сайынғы сценарийлер сайысы өтеді, оның жеңімпазын Тимур Бекмамбетов арнайы сыйлықпен марапаттайды. Бұдан басқа кинофестиваль бағдарламасында «Қысқа метражды фильмдер түні» жоспарланған, оның шеңберінде ұйымдастыру комитетіне жіберілген ең үздік он жұмыс көрсетіледі. Қысқа метражды фильмдер жеңімпазын көрсетілім барысында көрермендер анықтап, ол 2013 жылғы Фестивальге шақырылады.
Сценарийлер сайысы мен жастар «ART FEST» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 2012 жылғы 3 шілдеде — Кинофестивальдің жабылу күнінде өтеді.
III Халықаралық «Астана» экшн-фильмдер кинофестиваліне шақырылған қонақтар арасында Тимур Бекмамбетовтың «Президент Линкольн: Вампирлер аңшысы» фильміне түскен актер Доминик Купер, әйгілі продюсер және сценаристер: Джим Лемли, Канг Дже Гю, Майк Симпсон, Дэни Вульф, сонымен қатар ресейлік танымал актерлер: Владимир Меньшов, Алексей Петренко, Галина Коньшина, Артем Ткаченко, және «Z.Dance» командасы (Алан Бадоев, Макс Барских және Кристина Межинская) бар.
Фестивальдің кино бағдарламасы 16 фильмнен тұрады:
Ашылу фильмі — «Президент Линкольн: Вампирлер аңшысы», режиссері — Тимур Бекмамбетов, АҚШ.
Гала-премьера — «Assault»/«Шабуыл», Франция, режиссері — Жюльен Леклерк.
Соңғы көрсетілетін фильм — «Жаңа Өрмекші Адам», АҚШ, режиссері — Марк Уэбб.