«Челси» табысының басым бөлігі телевизиялық құқықтар сатудан түсті. Ресейлік кәсіпкер Роман Абрамовичтің командасы сондай-ақ футбол киімдерін, сату, тарату және брендін ілгері жылжыту, маусымдық абонементтер сату сияқты коммерциялық көрсеткіштерінен біраз қаржы тапты.
Жалпы алғанда, Англияда футбол клубы бизнесінен табыс табуға болады, мұнда бизнесті дамытуға барлық жағдай бар, көрермендердің қызығушылығы, тұрақты түрде спорт атрибуттарын сатуға болады, бір сөзбен айтқанда, англиялық клубтарға қаржы салу тиімді, оның үстніе қаржы стратегиясын сауатты жүргізе отырып кіріс келтіруге мүмкіндік бар. Сондықтан да Англия командалары жақсы табыс тауып жүр.
Дегенмен, «Челси» өткен маусымда кірісі жөнінен Манчестердің екі командасына жол берді — «Манчестер Сити» 316 миллион еуро тапты (6-орын), «Манчестер Юнайтед» 424 миллион кіріс келтірді (4 орын).
Ал ең көп табысқа кенелгендер — испандық «Реал» және «Барселона» командалары. Өткен маусымда мадридтық «Реал» 519 млн. еуро табыс тапты. Ал каталондық «Барселонаның» табысы — 483 млн. еуроға жетті.
Табысы жөнінен үшінші орында 431 млн. еуро кіріспен мюнхендік «Бавария» орналасқан. Үздік жетіліктің қатарында еуропалық нарықтағы жаңа ойыншы «Пари Сен-Жермен» де бар. Оның өткен маусымдағы табысы 399 млн. еуроны құрады.