Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
YouTube-тағы «ЦК» арнасына берген сұхбатында ресейлік министр Ресей атынан шығудан бас тартып, өзге елдің азаматтығын алып сол ел үшін жарысатын спортшыларды қатаң жазалауға ниетті екенін айтты. Дегтяревтің пікірінше, өзге елдің атынан өнер көрсетіп жүрген ресейліктер — сатқындар.
«Біз бұған қарсы күресіп жатырмыз. Нормаларды енгіздік, мен сондай бұйрыққа қол қойдым, тіпті бір шахматшыны спорттық азаматтығын ауыстырғаны үшін гроссмейстер атағынан айырдым. Біз оларды асыраймыз, тәрбиелейміз, жаттықтырушылармен қамтамасыз етеміз, базалар береміз, ал олар бір сәтте төлқұжатын тастап, кетіп қалады. Бәрінен айыру керек, елге кіруге және біздің спорт нысандарымызды пайдалануға тыйым салу қажет. Біз соған келеміз. Мәселе өте нәзік, мұнда ешқандай ымыра болуы мүмкін емес. Халықаралық жарыстарға жағдайға қарамастан барып, бейтарап тумен болса да өнер көрсетіп, Ресейге медаль әкеліп, үлгі болу — бір бөлек. Ал азаматтық ауыстыру — нағыз сатқындық», — деді РФ спорт министрі.
Айта кетейік, Қазақстанда Ресейден келген ең танымал спортшылардың көбі теннисте. Олар — Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Александр Бублик, Александр Шевченко және басқалар. Сонымен қатар, экс-ресейліктер қысқы спорт түрлерінде де бар. Мәселен, 2026 жылғы Қазақстанның олимпиадалық құрамасында (36 спортшының ішінде) олардың саны — 4 адам: Софья Самоделкина, Кристина Силаева, Елизавета Голубева және Александра Скороходова.