Серік Ахметов, ҚР премьер-министрі:
- Біз қай аймақтың жылу таратуда жіберген олқылықтарын біліп отыруымыз керек. Әкімдер кез келген апатқа жіті мән беріп оның шұғыл алдын алуы тиіс. Себебі ондай жағдайда бірінші зардап шегетін халық.
Үкімет басшысының айтуынша, қақаған қыста қатып қалған елді мекендердегі ахуалды Елбасының өзі басты назарына алған. Ал бүгін Серік Ахметов жылуға қатысты шыққан кез келген дауға облыс әкімдерінің бастарымен жауап беретіндігін тағы да ескертті. Себебі екі апта бойы күшіне мінген аяздан Орталық, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарындағы бірнеше шағын шаһар Шучье, Жайрем, Ақтас, Белоусовка жылусыз қалған еді. Мұндағы жұрт пәтерлерінде әлі тоңып отыр. Осылайша кез келген апатқа дайынбыз деп келген коммуналдық қызметтердің өтірігі шығып жатыр.