Қазақстандық волейболшы қыз, Ақтөбе қаласының тумасы Сабина Алтынбекова өзінің туған қаласында волейбол клубын ашпақ, — деп хабарлайды "Диапазон".
Спортшының айтуынша, бұл клубта әйелдер де, ер адамдар да жаттыға алады. "Біз әйелдер арасындағы командаларға жоғарғы лига мен премьер лига ұйымдастырғымыз келеді. Сондай-ақ, біз осы клубты волейболмен айналысқысы келген кішкентай қыздардың арманын орындау үшін ашып жатырмыз", — деді Сабина Алтынбекова.
Сонымен қатар, спортшы басылым тілшілеріне қазіргі уақытта "Алматы" клубының 23 жасқа дейінгі қыздарға арналған ұлттық лигасында өнер көрсетіп жүргенін айтты. Алтынбекованың айтуынша, оған волейболды қойып, модель болуға да ұсыныстар келген, алайда ол бұдан бас тартқан екен. Себебі Сабина үшін спорт бірінші орында. "Мен кішкентай кезімнен бастап өмірімді спортмен байланыстырғым келді, жеткім келетін мақсаттар көп", — деп келтіреді басылым спортшының сөзін.
Айта кетейік, Сабина Алтынбекова 2014 жылы Азияда жастар арасында өткен чемпионаттан соң танымал бола бастады. Қазіргі уақытта спортшының Instagram желісіндегі жазылушыларының саны 610 мыңнан асқан. Сондай-ақ, осыған дейін Сабина Алтынбекованың өз киім желісін шығаратыны хабарланған болатын. Спорттық киімдердің бұл желісін Сабина Алтынбекова отандық Zibroo Sportswear дизайнерлік компаниясымен бірігіп ойластырған екен. Айта кетейік, Рио ойындарындағы Қазақстан құрамасының киімдерін осы компания дайындаған болатын.