Жарияланды: 660

Саентология шіркеуі қызметтерін тоқтатпайтынын айтып шу көтерді

Діни ұйымдарды қайта тіркеуге қатысты үлкен жанжал. Талай жанды тура жолдан адастырып, алдап-арбап қатарына қосқан Саентология шіркеуі «қызметімізді тоқтатпаймыз» деп шу көтерді. Қоғамдық бірлестік ретінде құрылған ұйымның Алматыдағы екі бірдей шіркеуін Дін істері Агенттігі қайта тіркеуден өткізбей тастаған. Ал аты біраз дауға іліккен ұйымның бұл шешіммен келіскісі жоқ.

Жантүршігерлік бұл кадрлер құлшылық ету рәсімінен алынған. Адамдар ақылынан алжасып, жын ұрғандай айқайлайды. Билейді. Кім десеңіз бұлар АҚШ теңіз жаяу әскері күштерінің бұрынғы офицері Рон Хаббард негізін қалаған саентология ілімін ұстанушылар. Қатарына қосылғандарды «гипноз» арқылы арбайды. Кетем дегендеріне қысым жасап, ұрып-соғатын көрінеді. Талайды зар қақсатқан секта елімізде әлдеқашан қанат жайған. Толастамаған шудан соң соңғы жылдары аймақтардағы бөлімшілері жабыла бастаған-ды. Енді Алматыдағы екі бірдей шіркеуінің есігіне де қара құлып салынуы мүмкін. Себебі қайта тіркеуден өтпей қалған.

Марат Әзілханов, Дін істері Агенттігі төрағасының орынбасары:

- Сараптама негізінде саентология ілімін насихаттаушылар діни ұйымға жатпайды деген қорытындыға келдік. Олардың әрекетіне біраз елде тыйым салынған. Сондықтан олар қаржы немесе қоғамдық ұйым ретінде тіркеліп істерін жалғастырып келген.

Бұл ресми шешім. Алайда саентологтардың оған түкіргені бар. Кімге арқа сүйеп отырғанын кім білсін қызметімізді тоқтатпаймыз деп шіреніп отыр.

Анастасия Минаева, Саентология шіркеуінің Алматы қаласындағы өкілі:

- Біздің жабылар жайымыз жоқ. Діни ұйым ретінде қызметімізді жалғастыра береміз. Қолдаушыларымыздың саны өте көп. Саентология ілімін ұстанушыларды жоқ қылу мүмкін емес. Сондықтан бізді тіркеуден қалайда өткізуі қажет.

Осылайша, «жаман үйді қонағы билейді» демекші, саентологтар мүйізі қарағайдай құзырлы органның шешіміне риза еместігін ашық білдіріп тайталасып отыр. Ал елімізде діни бірлестіктерді қайта тіркеуден кейін олардың саны 32 пайызға қысқарған. Бүгін дінтанушылардың Астанада өткен құрылтайында осы мәселе кеңінен сөз болды. Ірілі-ұсақты шіркеулермен қатар ислам ағымына жататын «Ақмадия», «Рухани жол» секілді ісі дүдамалдау ұйымдардың қызметіне де тыйым салыныпты. Алқалы жиынға жиылған теолог ғалымдар болса экстремистік сайттарға шүйлікті. Онда жастарды жиһадқа шақыру ашықтан-ашық үгіттеледі екен.

Айдар Әбуов, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры:

- Жиһад сөзінің мағынасы бұрмаланып ол дінсіздерге қарсы қасиетті соғыс деп көрсетіледі. Мұсылмандар Халифатына жеткізетін жалғыз жол ретінде дәріптеледі. Ал мұндай соғысқа қатысатын мұсылмандар моджачед атанады. Яғни дін үшін соғысатын жауынгер. Алланың дін жолында қаза тапса ол шаһид болады. Шаһид ол дүниенің барлық игіліктеріне бөленіп хор қыздары қызмет ететін жұмаққа жетеді деп қызықтырылады.

Сондықтан уәкілетті орган шетелден қаржыландырылатын діни бірлестіктерді қатаң бақылауға алмақ. Сырттан аударылған мол қаржыны қандай мақсатқа жұмсағаны жөнінде тиынына деп есеп беруге міндеттемекші. Заң бойынша. Сөйтіп, Дін істері агенттігі  ахуалды толық назарда ұстамақ ойда.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін