Caravan.kz медиа порталының осы және өзге де сұрақтарына тарихшы Зәйден Қоқайұлы жауап береді.
— Бүгінде саяси қуғын-сүргін құрбандары әлі де толықтай ақталып болған жоқ. Олардың толық ақталмауына не себеп?
— Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде 1993 жылы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң» қабылданды. Сол жерде көптеген ғалымдар, тарихшылар жұмыс жасайды. Ол жерде арнайы комиссияның мүшелері жалпы қуғын-сүргінге қатысты мәліметтерді жинап, сол бойынша жұмыс атқарылады. Былай қарасаң оңай көрінетіндей, дегенменде оған біраз уақыт кетеді. Сол себепті де барлығы бір сәтте ақтала алмайды. Олардың барлығын қарау керек, зерттеу керек. Бұл мемлекеттегі комиссиялардың жұмысы оңай емес. Оның үстіне 1,2 күнде жасалатын жұмыс емес. Оны зертейді, олар туралы мәлімет іздейді, құжаттарды қарайды деген сияқты. Сондықтан соның барлығын зерттей келе ақталу жұмыстары жүргізіледі. Бірақ, тәуелсіздік алғалы бері егер мен қателеспесем тәуелсіздікке дейін 500 мыңнан аса адам оңалтылса, ал тәуелсіздік алғаннан кейін 7 мыңнан аса адам ақталып шықты.
— Елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған бірнеше мұражай бар. Сол мұражайлар жастарымызға қаншалықты дәріптеліп жүр?
— Елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған бірнеше мұражай бар. Біріншісі ол Алма обылысындағы Жаңалық ауылындағы мұражай. Одан кейін оңтүстік оңірде бірнешеуі бар. Бірақ, көпшілігі білетін мұражай ол Қарағанды облысында. 2001 жылы Қарағанды облысы, Шахтинск қаласында ашылған еді. Ал қаншалықты дәріптеліп жүр деген сұрағыңызға былай деп жауап бергім келеді. Журналист Әлия Әшім осыдан 3 жыл бұрын деректі фильм түсірді. Деректі фильмде Қарағанды облысындағы жаңағы мен айтып өткен мұражай түсірілді. Бұл үлкен жарнама болды, жақсы дәріптелді деп ойлаймын. Одан кейін осы жылы журналист Майя Бекбаева түсірді. Мұражай қызметкерлерінен сұхбат алды. Бұл да танылуына өз әсерін берді деп ойлаймын. Жақын күндері шығыстанушы Санжар Керімбай Жаңалық ауылындағы мұражайды көрсетті. Мемлекет жақсы дәріптейді, оқушылардың тегін тамашалауына мүмкіндік береді. Бірақ, оны мен атап өткен танымал адамдар көрсетсе, ол мүлдем басқаша рең береді. Өйткені, танымал адам әлеуметтік желідегі парақшаларына жарияласа, елді қызықтырады, әсіресе жастарды. Сондықтан да кейбір адамдардың елдегі мұражайлардың дұрыс дәріптелмей жатыр деген пікіріне мен келіспеймін. Жоғары деңгейде, жақсы деңгейде дәріптеліп жатыр. Одан кейін дәріптеусіз-ақ өзінің ата-бабасын зерттегісі келетін кез келген адам мұражайларды аралап, олар туралы мағлұмат жинай алады.
— Біз Алаш деген кезде Алаштың арулары туралы көп айтпаймыз. Қудалауға түскен Алаштық арулар туралы да айтып өтсеңіз?
— Иә, сізбен толықтай келісемін. Алаш деген кезде Әлихан Бөкейхановты, Міржақып Дулатұлын, Ахмет Байтұрсынұлы және де өзге де алаштықтарды айтып жатамыз. Алайда «Алаш» партиясында тек ер кісілер болмады, алаш арулары да бар. Олар: Ғайнижамал Дулатова, Аққағаз Досжанова, Гүлайым Балғынбаева және өзге де арулар. Ғайнижамал Дулатова – Міржақып Дулатұлының сүйіп қосылған жары, өте білімді кісі болған жан. Міржақып Дулатұлы түрмеде болған кезде өмірінің соңына дейін жары үшін күрескен жан. Күйеуі түрмеде отырған кезде Горькийдің әйеліне хат жазып, көмек сұраған кездерін айтпасам да барлығы біледі деп ойлаймын. Ал Аққағаз Досжанова ол – қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш дәрігер. Мәскеуде бүкілресейлік мұсылмандар сьезінде сөз сөйлеп, мұсылман әйелдердің жағдайын Мәскеуде тұрып айтқан қыз. Бірінші дүние жүзілік соғыс кезінде аштықтан қиналып жатқан қаншама қазақты көшіруге көмектескен. Көптеген жетім балаларды Оралға орналастырып, оларды адам қатарына қосқан қазақ қызы. Гүлайым Балғынбаева – Германияда оқыған қазақ қызы. Ол кезде еуропа оқу деген қиынның қиыны болатын, оның үстіне қыз балаға. «Алаш» партиясы үшін бұл қыздар көп еңбек етті. Аққағаз да, Гүлайым да, Ғайнижамал да «Алаштың» бүкіл жазуларын қағазға түсіріп отырған аяулы қыздарымыз болды.
— Айтыңызшы , зұлмат заманда саяси қуғын-сүргінге тағы кімдер ұшырады?
— Алдымен осы тақырыпты қозғап, сұхбатқа шақырған сізге рақмет. Қуғын-сүргін демекші халқымыздың басынан ашаршылық та болды, байлардың мал-мүлмкін тартып алу жағдайлары да орын алды. Мысалы, 1928 жылы байлардың мал-мүлкі тартып алынып, байларды тәркілеудің соңы жоғары оқу орындарында оқитын студенттерді қуғындауға ұласты. Сол жылдары кейбір қазақтардың Ресейге, Ауғанстанға, Қытайға және өзге де елдерге көшіп кетуге тура келді. Қуғын-сүргін деп жатамыз, соның құрбандары деп жатамыз. Дегенменде Сталиндік диктатураның құрбаны болғандар тек жекелеген адамдардың емес, дәуір қасіретінің бір бөлігі деп айта аламын.
— Қазіргі таңда ғалымдарымыз қандай тың әдістерді қолданып жатыр?
— Менің білуімше ақтау жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Ғалымдар мен тарихшылар мына бір бастаманы қолға алған. Ашаршылықты көрген соңғы буын өткен ғасырдың 20-30 жылдары дүниеге келгенін барлығы жақсы біледі. Білуімше, ашаршылық кезінде қалған құжаттарды қазіргі таңда цифрландырып жатыр. Ол құжаттардың барлығын цифрландыру оңай емес, оған біраз уақыт кетеді. Дегенменде уақыт өте ғалымдар, тарихшылар қалаған құжаттарды онлайн көре алатын жағдайға келе жатырмыз. Тек ғалымдар мен тарихшылар ғана емес арнайы сайт немесе портал арқылы әр адам өз атасын тауып, оның құжаттарымен таныс алады деп ойлаймын. Елімізде көптеген айти мамандары бар, солардың құлақтарына алтын сырға. Мүмкін мұнымен айналысып жатқандар да мамандар бар шығар. Оны бұйыртса алдағы уақытта білетін боламыз. Ең бастысы күту керек.
— Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын зерттеу болашақ ұрпақ үшін қаншалықты маңызды?
— XX ғасырдың басында Қазақ халқы үш рет ашаршылық пен қуғын-сүргінді басынан өткерді. Сол жағдайлардың салдарынан 70-80% қазақ халқынан айырылып қалды. Кеңес Одағының ресми дерегі бойынша 1930 жылдың жазынан 1933 жылдың жазына дейін 3 миллион 379 500 қазақ ашаршылықтың құрбаны болған. Бұған 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтан құрбан болғандарды қосыңыз. 1937-1938 жылдары қуғын-сүргінге ұшырағандарды қосыңыз. Осы сандарды көріп, құрбандары естіп біз мұны қалайша маңызды емес дейміз?! Болашақ үшін, ұрпақ үшін өзің шығу тегін, ата-бабасының олардың қандай жағдайларды көргенін білуі өте маңызды. «Өзінің тарихын ұмытқан ел – не істеп не қойғандығын білмейді» деп Әлихан Бөкейханов атамыз айтқандай егер адам баласы өз тарихын білмесе, ата-бабасының басынан не өткенін білмесе одан қандай адам шығады? Сондықтан қуғын-сүргін туралы да, ашаршылық туралы да, жалпы қазақ халқының басынан не өткенін білу әрбір қазақ баласының міндеті, аманаты. Аманатқа қиянат жасауға болмайтынын өзіңіз жақсы білесіз. Біздің ендігі мақсатымыз ол – болашақта мұндай жағдайларға жол бермеу. Қазіргі таңда ең басты миссиямыз да сол болып отыр. Бұған қол жеткізу үшін адамдардың, оның ішінде өз халқымыздың санасы өзгеруі керек. Өткен тарих ол – қоғамдық және ұлттық сананың негізі. Сондықтан тарихымызда ашылмаған беттер, жайттар болса оны қайтадан зерттеп, бақылап ашуымыз керек.
2020 жылдың 24 қарашасында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойды. Сол кезден абстап, мемлекеттік комиссия аясында республикалық комиссия, оның ішінде 14 облыста, республикалық маңызы бар қалаларда өңірлік комиссия құрылып, саяси қуғын-сүргін және заңсыз қудалау құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру бағытында жұмыстарын бастап кетті.
Президент өзінің үндеуінде бұл жарлығына байланысты былай деген еді: «Алаш зиялылары, қуғын-сүргін құрбандары ақтауға мұқтаж емес, біз оларға мұқтажбыз. Осындайда Міржақып Дулатұлының мына сөзі ойға оралады: «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» дейді. Біздің енді жұтылуға, жойылуға құқығымыз жоқ, өйткені біз тағдырға онсызда қымбат құн төледік. Тәуелсіздікке тәу ету, қазақтың бүгінін қызғыштай қорып, ертеңге аманат ету — сіз бен біздің борышымыз».