Бұл туралы драматург Сая Қасымбектің "Әдебиет порталындағы" "Қыз қасіреті. Сәкен туралы 44 жыл сақталған сыр" атты мақаласында айтылады.
Автор бұл жағдай жөнінде жазсам ба, жазбасам ба деп көп ойланыпты.
"…сол тау тұлғалар ғұмырында болған кейбір көлеңкелі, кірбіңді тұстарға куә болғанда, естіп-білгенде өз-өзіңнен қарадай мұңға батып, өзегіңді өкініш өртейтін мезеттер болады екен. Жамандыққа қимайсың, іштей арпалысып, сарсаңға түсесің. Қырық төрт жыл бойы санамда сақталып, осындай арпалыс күйге түсіріп келе жатқан сырды айтып, жариялау да оңай болмады. Бір ойым айтады: «Жазықсыз құрбан болған боздақтардың тұлғасын асқақтатып жатқан кезеңде, осы шындық қоғамға қажет пе?», — десе, екінші ойым: «Махаббатқа сенген арудың сұраусыз кеткен көз жасын, тым құрығанда қағаз бетінде жоқтау керек емес пе? Қыршын кеткен жас арудың көз жасы сұраусыз қала бермек пе? – дейтіндей" деп жазады С.Қасымбек.
Содан автор екінші ойына құлақ асуды жөн санаған.
"Бірде, радиодан «Тау ішінде» әні беріліп жатқан. Атам: «Еһ, заман-ай десеңші?!» деп қатты күрсінді. Атам екеуіміздің арамыздағы диалог былайша өрбіген еді: — Ата, сонша неге күрсіндіңіз?
-Е, марқұм Сәкен Сейфуллин осы әнін біздің елге келгенде шығарып еді. Алғаш бізге салып берген.
— Сәкен Сейфуллин? Қалайша? Сіз Сәкен Сейфуллинді көргенсіз бе?
— Неге сонша таңырқадың? – деген атам осы оқиғаны баяндап беріп еді: — Отызыншы жылдары Түркістан жерінде колхоз председателі болып тұрғанымда, Алматыдан Сәкен Сейфуллин бастаған комиссарлық топ елге келді. Сол жолы колхоз тірлігін қатты тексерді. Өзімен бірге қызыл отау ала келіпті. Мұрты қияқтай, еркек ішінде бет біткеннің сұлуы еді марқұм… Сол жолы әйелін ерте келіпті. Ұзын шашы тобығына түскен, сұлу екен. Аяғына биік өкше топыли (туфли дегені) кигендіктен, Түркістанда қалдырып, өзгеміз Созақ, Шолаққорған еліне атүсті кеттік. Сол жолы Сәкен елде бір ай жатты. Күндіз жұмыс, кешкісін жастар қызыл отауға жиылып сауық-сайран құрамыз. Ел ішінде талантты жастар жеткілікті еді ғой, шіркін. Сол елдегі бір шалдың төрт ұл ортасында жайқалып өсіп келе жатқан үкідей жас қызы бар екен. Жасы 16-да. Бет біткеннің сұлуы. Қыздың сұлулығын ұзынқұлақтан естіген Сәкен әлгі аруды қызыл отауға алдыртты. Не керек, бір ай бойы сол қызбен ойын құрды. (Осы жерін түсінбей анықтап сұрағанымда, бірге тұрғанын білген едім…) Қыздың төрт ағасы келіп, Сәкенді қысты. Сәкен, қызды Алматыға алып кететінін, үйленетінін айтып, ант-су ішті. Ақыры ағалары сеніп, қызды Сәкенге қалдырды.
Не керек, ай таусылып, Сәкен Алматыға қайтатын болды. Қызды ертіп, аттылы топ, Түркістанға жол тарттық. Қайтарда Ащысайдың тау арасы жолымен қайттық. Мына әнді сол жолы, тау ішімен қайтып келе жатып шығарған еді. Шырқағаны сол екен, жастар жағы қойсын ба, ауыз-ауыздан жерге тигізбей қағып кетті ғой. Қас қарая аттылы топ, бұлақ басына түнемекке тоқталдық. Сәкен: — Жігіттер, мына әніме құлақ салыңдаршы?! Жаңа ән кеудемді жарып барады! -деп, осы «Тау ішінде» әнін шырқап жіберді. Ғажап ән екен?! Делебесі қозып келе жатқан жігіттер қойсын ба?! Ішіп-жеп, Сәкеннің жаңа әнін кезекпен шырқап отырмыз… Түн ауа Сәкен, қосшы жігітке бұрылып, қызды елге апарып тастауын бұйырды. Бәріміздің тіліміз байланып қалды. Қарсы сөз айтарға шама бар ма?! Отызыншы жылдардың қасіреті күшіне еніп, елді қынадай қырып жатқан науқан болатын. Сәкеннің түкірігі жерге түспей, қылышынан қаны тамып тұрған кез. Қыздың рулас ағасы дауыс көтеріп еді, Сәкен: "Үрім-бұтағыңмен айдалып кеткің келе ме?!" — деп еді, үні өшті. Қиын заман еді ғой. Қойшы, бәріміз қисайып жата кеттік… Таңмен тұрсақ, қыз жоқ. Жабыла іздеу салдық. Сөйтсек, елге қайтуға намысы жібермеген байғұс қыз, тобықтан түсетін шашымен долана ағашына асылып қалған екен! Өлі жүзінің өзі ажарланып кеткені әлі көз алдымнан кетпейді. Сәкеннің қаттылығы сонша, үрімдей қызға дұға жасамастан, атына мініп, бұрылмастан кете барды. Шырағым, махаббаттың наласы жаман болады. Қыз наласы ақыры Сәкенді жібермеді ғой! — деп күрсінген болатын" деп ақтарыпты Сая Қасымбек 44 жылдан бері сақтап келген сырын.