С.АХМЕТОВ ІСІ: Судьяға наразылық білдіру жөніндегі өтініш қабылданбады - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
С.АХМЕТОВ ІСІ: Судьяға наразылық білдіру жөніндегі өтініш қабылданбады

С.АХМЕТОВ ІСІ: Судьяға наразылық білдіру жөніндегі өтініш қабылданбады

Бүгін қарағандыда экс-премьер Серік Ахметовке қатысты негізгі сот отырысы басталды. Сот процесінде қорғаушылар істі қарап жатқан судьяны ауыстыруды сұрады. Сонымен қатар, мемлекеттік айыптаушылар қатарындағы бір прокурордың отырысқа қатысуы заңға қайшы келетіні де айтылды. Алайда қорғаушылардың бұл шағымдары қолдау тапқан жоқ. Олардың прокуратура мен тергеу органдарына қатысты кейбір арыздарына бірден жауап қайтара алмай, кейінге қалдырды.    

  • 11 Тамыз 2015
  • 366
Фото - Caravan.kz

Мәтін. Алдын ала тыңдаулардан бір аптадан кейін қамаудағы, үйдегісі мен түздегісі тегіс жиналған сот процесі уақтылы басталған еді. Басталуы сол екен, Қарағанды қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бұрынғы басшысы Айдос Жәкеновтің қорғаушысы істі қарап жатқан судьяға шүйлікті. Айтуынша, қылмыстық процессуалдық кодекстің бұзылуын айтқан шағымына судья құлақ аспаған.

Мейрам Шәймерденов, А. Жәкеновтің адвокаты:

— Судья процессуалдық тәртіптерді бұзды деген арызым қаралмай жатып, сол судья негізгі процестерді бастап жіберді. Менің шағымым   тамыздың 13-і күні қаралуы керек.  Ал 10 тамызда түк болмағандай процесс жалғаса берді. Заң бойынша ең алдымен менің арызым бойынша шешім шығуы керек еді.

Жарияланған үзілістен соң, шағымды қараған судья Таңсықбаев әріптесінің әрекетінен әбестік көрмегенін айтып, қорғаушының талабын қанағаттандырмады. Өз орнына қайта жайғасқан судья аузын ашуы мұң екен, Мейрам Шәймерденов прокурордың бірін мемлекеттік айыптаушы ретінде процеске қатыстырылмауын талап етті. Өйткені ол 2013 жылы Айдос Жәкеновке қатысты қозғалған қылмыстық істі негізсіздігінен тоқтатып, шенділердің дауы бастала сала қайта қозғаған екен. Мұны заңға қайшы десе де, прокуратура бұл талапты орынсыз деп тапты. Ал экс-премьердің қорғаушысы Игорь Лесник болса, өз кезегінде  Ахметовке тағылған айыптарды талдып шыққанын көрсетті. Айыптау қортындысынан үзінділер келтіре отырып, тергеу органдарының жіберген кемшіліктерін тізіп шықты.

Игорь Лесник, С.Ахметовтің адвокаты:

— Ірі көлемде пара алды деген айыптардың нақты дәлелі жоқ. Ол пара 2012 жылы алды деп көрсетілсе, сол оқиға бойынша құрылғылар сатып алуға бюджет қаражаты 2013 жылы бөлінген. Мерзімдері мүлдем сәйкес келмейді. Қортындыда нақты фактілер жоқ. Тек жанама болжамдар ғана. Тергеу орындары жіберген тағы бірқатар кемшіліктерді анықтап көрсеттім.

Ахметовтың қорғаушысы қойған сауалдарға қатысты прокурорлар алдағы уақыттарда анықтама беретіндерін айтып, әзірге жақ ашпады. Істегі дәл осындай қисынсыздықтарды айтқан Әбдішевтің де адвокаты сондай жауап естіді. Өйткені 300 томнан асатын қылмыстық  істі бірінші отырыста қарап шығу мүмкін емес. Сондықтан әзірге мерзімінің ұшы қиыры көрінбейтін бұл сот отырыстары сенбі мен жексенбіден өзге құдайдың құтты күні өтетін болады. 

Соңғы жаңалықтар