Сал ауруына шалдыққан мүгедек бозбала қылқаламды серік етіп жүр
|
Ерекше дарын иесі. Сал ауруына шалдыққан жезқазғандық бозбала, ауыр дертке мойымай жанына қылқаламды серік етіп жүр. Екі қолы икемге келмейтін ол аяғының башпайларымен суретті сау кісіден кем салмайды. Түрлі-түстер көңілімді көтереді дейді өзі. Жарымжанның болашақтағы арманы да асқақ.
Бүгін Даниярдың көңіл-күйі әдеттегіден көтеріңкі. Тілшілердің келетінін естігелі қаламсаптарын қайта-қайта түгендеп, өзіне үлкен жауапкершілік жүктелгендей сезініп жүр. Жүйке жүйесі зақымданған оның екі қолы да икемге келмейді, тіпті толық тіл қата да алмайды. Бала суретші сонда да қиялындағы бейнелерді қағаз бетіне түсірудің жолын тауыпты. 7 жылдан бері қылқаламды башпайына қыстырып сурет салып келеді.
Күләш Әбдіғожина, Даниярдың әжесі:
- Суретті жүргеннен бастады, 10 жасқа дейін жүрген жоқ. Содан ауруханаға көрсетіп, емдеттік содан бастап сала бастады. Атасы суретші болған, ол кісі марқұм болып кетті.
Балаларды оңалту орталығы Даниярдың екінші үйіндей болып кеткен. Ол мұнда жыл сайын айлап ем алады, тәрбиеленеді. Міне мына суретті кезекті рет ауылдан алыстағанда сағыныштан салған екен. Ал мына бөлмеде ол достарымен бірге ағашқа ою ойып, күйдіріп сурет салады.
Мүмкіндігі шектеулі демесеңіз, Даниярдың ой-қабілеті ұшқыр. Өмірге деген құлшынысы да он екі мүшесі сау кейбірімізден күшті. Ол болашақта әлемнің әжетіне жарайтын бағдарлама ойлап тапсам деп армандайды. Екі аяғының арқасында еңбектеніп жүріп компьютердің де тілін тапқан.
Данияр Қасымхан:
- Программист болғым келеді.
Даниярдың дерті туа біткенін, не жүре пайда болғанын ақ халаттылар ашып айта алмайды. Орталықтағылар он жасқа дейін арбаға таңылған баланың өз аяғымен жүре бастағанына қуанады. Ендігі мақсатымыз - екі қолын да қимылға келтіру, - дейді дәрігерлер.
Гүлшат Ашықова, Республикалық балаларды оңалту орталығының невролог-дәрігері:
- Қазір қолын жұмыс істетумен айналысып жатырмыз. Болашақта динамикасы артады деген сеніміміз бар. Барлық емдеу шаралары жасалып жатыр.
Қазір Даниярдың жасы он жетіде. Дерт бойын меңдеген соң өсіп-жетілуіне де кері әсер еткен. Оған баларды оңалту орталығында ем-дом қабылдауына тағы бір жыл рұқсат етіледі. Әріқарай өмір тауқыметімен өзбетінше күресуіне тура келеді. Жалпы, елімізде Данияр сынды жүйкесіне зақым тиіп, сал болып қалған 48 мыңнан астам бала бар екен.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін