Салымшылар «қаржы пирамидасын» сақтап қалу үшін қан төгуге әзір - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Салымшылар «қаржы пирамидасын» сақтап қалу үшін қан төгуге әзір

Салымшылар «қаржы пирамидасын» сақтап қалу үшін қан төгуге әзір

Көкшетау қаласында «қаржы пирамидасы» төңірегіндегі дау ушығып барады.  Екі мыңға жуық салымшы кеше түнгі  сағат 2-ге дейін қаржы ұйымын тексеруге келген құзырлы орган қызметкерлерін сыртқа шығармай, кикілжіңнің арты төбелеске ұласты. Жұрт полициядан мекеменің жұмысына кедергі етпеуді талап еткен. Бірақ құзырлы орындар оған қараған жоқ. Қақтығыс кезінде зардап шеккендер де бар.

  • 28 Мамыр 2011
  • 543
Фото - Caravan.kz

Иін тірескен халық қаржы ұйымы орналасқан ғимарат маңынан оңайлықпен тарқар емес. Мұнда тіпті еліміздің түпкір-түкпірінен салымшылар ағылып келуде. Еселеп көбейтпек болып, «қаржы пирамидасына» салған ақшаларын полицейлерге тәркілеп әкетуге жол бергісі жоқ.  

Салымшы:

— Біз 100 теңге мың беріп, қаншама ақша алып жатырмыз, несиемізді жауып жатырмыз. Солай ма, халық? Айтыңдаршы! … Әнекей! Бүкіл халық алды. Алды ма? Алды. Алдаған жоқ.

Салымшы:

— Біреулер сиырын сатып, енді біреу соңғы ақшасын осында салды. Тимеңдер, құжатқа, бұл — біздің ақшамыз,шаруаларың болмасын!

Тексерушілер ғимарат ішінде жиналған ақшаны, құжаттарды тәркілеп, буып-түйіп қойғанымен, сыртқа шығара алмады. Иін тірескен салымшылар мұздай қаруланған күзетпен жаға жыртысып, мекеменің жұмысына кедергі етпеуді талап етуде. Ақыры полиция ғимарат ішіндегі тұрғындарды күштеп сыртқа шығарып, құжат салынған сейфті алып шықты.

Сағатбек Нұрахметов, Ақмола облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары:

— Егер алаяқтық туралы шағым алғашқы айда түссе, бірден тексерер едік. Шағым енді түсті ғой, сосын келдік.

Ал қаржы ұйымының басшылары 20 мың салымшының алдында «заңды бұзған біз емес – полицейлер» деп ақталды. Айтуларынша, ешкімді алдамаған, салған жарналарды да өсімімен уақытында қайтарыпты.


Бақыт Әділова, жоба инвесторы
:

— Дәл қазір полицияның қудалауына ұшырап отырмыз. Ешқандай құжат көрсетпестен күш қолданып, біздің мекемені жаппақшы. Барлық құжатымыз дұрыс, рұқсатымыз бар. Бәрібір біз жұмысымызды тоқтатпаймыз!

Халық түнге дейін осы маңды торуылдады. Полиция жолдарды жауып, жұртты тәртіпке шақырғанымен, кеңсе алдына жиылғандар тыныштала қойған жоқ. Ақыры кикілжіңнің соңы төбелеске ұласып, тәртіп сақшылары наразы топтың белсенділерінің қолдарын қайырып, бөлімшеге алып кетті. Қақтығыс кезінде салымшылардың төртеуі жараланған.

Сейфтен айрылған салымшыларбұдан кейін де үйлеріне тарқамады. Түн жарымында топ-тобымен облыс әкімдігіне барып, ақша салған фирмаларына қатысты мән-жәйді түсіндіруді талап етті. Бірақ олармен осы уақытқа дейін бірде-бір облыс басшысы жолыққан жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, өздерін “КазРосИнвестпроект” шағын несие беру ұйымы деп тіркеген фирманы сәрсенбіден бері құзырлы орындар тексеріп жатыр. Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында «қаржы пирамидасымен» айналысып, жұртты алдаған мекемеге қатысты қылмыстық іс те қозғалған.

Соңғы жаңалықтар