Жарияланды: 520

"Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры еліміздегі жүйе құрушы екі банктің капиталына қатысушы болды

Астана. 29 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Үкімет пен еліміздегі жүйе құрушы негізгі екі банк - "Қазақстанның Халық банкі" және "Қазкоммерцбанк" акционерлік қоғамдарының арасында Қазақстанның банк секторын тұрақтандыру жөніндегі бұған дейін жарияланған шараларды жүзеге асыру негізінде экономиканың нақты секторына қолдау көрсету жөніндегі келісімге қол жеткізілді, деп хабарлайды Қазақстан Бүгін тілшісі үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекеттік қолдаудың шарттарын анықтауда үкімет бұл екі банктің Қазақстан экономикасындағы, халықтың салымдарын тартудағы негізгі рөлін, сондай-ақ олардың орнықты қаржылық жағдайын, жоғары несиелік рейтингтері мен оларға деген шетелдік инвесторлардың сенімін, банктердің сыртқы міндеттемелерді орындау қабілеті мен олардың акционерлерінің ашық құрылымын назарға алды. "Қазақстанның Халық банкі" мен "Қазкоммерцбанктің" несиелік саясаттарының басымдықтары Қазақстанның бүкіл аумағында нақты сектор жобаларын қаржыландыру болып табылады. 2008 жылғы қазанның 1-індегі жағдай бойынша "Қазкоммерцбанк" мен "Қазақстан Халық банкінің" банк жүйесі активтеріндегі жалпы үлестері 34,8 пайызды, займдар бойынша 36,9 пайызды, жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 41,1 пайызды, заңды тұлғалардың депозиттері бойынша - 42,6 пайызды құрап отыр. 2006 жылдың соңынан бастап "Қазкоммерцбанк" пен "Қазақстан Халық банкі" акцияларын депозитарлық қолхаттар түрінде Лондон қор биржасына шығарған бұқаралық компаниялар болып табылады. Бұл бастама банктердің қазіргі және әлеуетті инвесторларына, депозиторларына, клиенттеріне ашықтықтың жоғары деңгейін, қаржылық есептердің, корпоративтік басқарудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Қол жеткізілген келісімге сәйкес, үкіметтің атынан әрекет етіп отырған "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры "Қазақстан Халық банкі" АҚ-дағы және "Қазкоммерцбанк" АҚ-дағы өз үлесін акционерлік капиталдардың 25 пайызы көлеміндегі жай акциялардың қосымша эмиссияларымен, сондай-ақ жеңілдікті акциялардың келісілген көлемінің эмиссиясымен шектейтін болады. "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры нарықтық қағидаларды ұстана отырып, инвестор ретінде әрекет етеді, банктердің операциялық қызметіне араласпайды, оларды басқару ісінде белсенді рөл атқармайтын болады. Банктерді корпоративтік басқару органдары өз қызметтерін қолданыстағы заңнамаларға, қаржы рыногының үйлестірушілері белгілеген, екінші деңгейлі банктерге қойылатын талаптарға, банктердің жарғыларына және басқа да ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асыратын болады. Акционерлік капиталды арттыру және акцияларды сатып алу амалдары "Акционерлік қоғамдар туралы" заңға сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттің аталған екі банктің капиталындағы қатысу мерзімі шектеулі және ол қаржы рыногындағы ахуалға байланысты болады. Мемлекетке тиесілі акциялар кейіннен нарық принциптеріне сәйкес сатылады. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін