Жарияланды: 600

Санитарлық нормаларға сәйкес келмейтін азық-түлік өнімдері анықталды

Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті биылғы жартыжылдықта азық-түлік саласындағы кәсіпорындарға 585 тексеріс жүргізіп, соның нәтижесінде 371 заң бұзушылықты анықтады. Бұл туралы бүгін Астанада болған баспасөз мәслихатында ҚР Мемлекеттік стандарты Мониторинг және талдау мемлекеттік қадағалау басқармасының бастығы Асхат Хасенов айтты.

Оның сөзіне қарағанда, аталған тексеру барысында санитарлық нормаларға сәйкес келмейтін өнімдер анықталды. Мәселен, Ақмола облысындағы өнім сататын орындардың бірінде ресейлік өндірістің арпа ботқасында жоғары құрамда қалайы элементі анықталды. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында сатылған шай өнімінде мышьяк табылды. Мұнымен қоса, микробиологиялық көрсеткіштер бойынша тиісті талаптарға сай келмейтін өнімді (консервілік өнімдер, яғни бұқтырылған сиыр еті, ресейлік өндірістің бұқтырылған шошқа еті) сатудың көптеген фактілері белгілі болды. Қырғызстанда өндірілген сары майда ішек таяқшасы тобындағы бактериялар, ал Өзбекстаннан жеткізілген қарбыздарда нитраттардың жоғары құрамы табылды. «Бұл өнімдердің талапқа сәйкес келмеуі тасымалдаудың және сақтау жағдайының дұрыс сақталмауынан орын алып отыр. Атап айтқанда барлық тиісті шаралар қабылданды. Өндірушілер мен тасымалдаушыларға тиісті ескерту хаттары жіберіліп, оларға қатысты әкімшілік тұрғыдағы шаралар қабылданды»,-деді басқарма бастығы. А. Хасеновтың айтуынша, отандық кәсіпорындардағы өнімді өндіру және сақтауда өрескел заң бұзушылықтар анықталмады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін