Сарапшы: Әзірбайжан мен Арменияның қақтығысы үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласуы мүмкін - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-2 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сарапшы: Әзірбайжан мен Арменияның қақтығысы үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласуы мүмкін

Сарапшы: Әзірбайжан мен Арменияның қақтығысы үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласуы мүмкін

Таулы Қарабақ  қашанда даулы Қарабақ.

  • 5 Қазан 2020
  • 123
Фото - Caravan.kz

Бұл жолғы қақтығыс бұған дейінгілерінен өзгерек. Сарапшылар бірауыздан қазір Әзірбайжан мен Армения арасындағы ұрыс қимылдарын толыққанды соғыс деп бағалауда. Демек таяу күндері оқ ату тоқтатылмаса, болса, қақтығыс халықаралық текетіреске ұласуы мүмкін.  

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Дүрдараз, Дүрдеараз. Бірде тату бірде араз. Баку менен Ереван, 30 жылда күнде араз. Бермейсің деп ол да араз, қоймайсың деп бұл да араз. Екі елдің өз шындығы, бар екені ол да рас. Есте болса 2016 жылғы сәуір қақтығысы 4 күнде тоқтатылған еді. Ал қазір 1 апта болды. Бейбітшіліктің беті бері қарайтын түрі жоқ. Әзірбайжан кеткен есені, басып алынған байырғы жерімізді қайтармай қоймаймыз десе, Армения ресми Бакуды дәл қазір агрессор санап отыр. Қақтығысты реттеу үшін әуел баста құрылған Минск тобының өкілдері яғни Франция, Ақш және Ресей тараптарды дәл қазір атысты тоқтатуға шақырғанымен, сарапшылар қауіпті сценарийлердің орын алуы кетуі мүмкін екендігін жоққа шығармайды. Ендігісі сюжетте. 

Бұл соғыс…
Оңтүстік кавказ отқа оранғалы 7-ші күн. 90-шы жылдардағы Қарабақ соғысынан кейін ауқымды әскери қақтығыстардың орын алғаны осы шығар. Ақпараттық-пропагандалық майданның да аясы кең. Қос тарап та қасарысып алған. Райынан қайтар түрі жоқ.

Бұл соғысқа алғышарт іздеудің қажеті шамалы. Текетірес ғасырлар бойы жалғасып келеді. 2016 жылы сәуірдегі 4 күндік қақтығысты есепке алмасақ, соңғы үлкен соғыс 1991-94 жылдары болды. Ресми Баку үшін Таулы-Қарабақ Әзірбайжанның аумағына кіреді. Олардың айтуларынша Армения тұрғындардың сепаратистік пиғылы, гибридті соғыс технологиясын қолдана отырып, осыдан 30 жыл бұрын өңірді оккупациялап, яғни басып алды. Ал ресми Ереван үшін Қарабақ армяндардың жері. Сонау антика дәуірінен бері мұнда кейін армян ұлтының қалыптасуына ұласқан үнді-еуропалық нәсілді тайпалар мекендеп келеді.
 

Картадан қарайық. Қалың көк түспен белгіленген аумақ Таулы-Қарабақ автономиялық облысы. Ақшыл көкпен айшықталған аумақ соған жапсарлас орналасқан Әзірбайжанның аудандары. Күрең түспен Армения белгіленген. Бакудің мәлімдеуінше Армения Карабақты былай қойып, оның іргесіндегі, Армениямен шектесетін Әзірбайжанның жеті ауданын оккупациялап алған. Нәтижесінде өзін-өзі жариялаған Таулы-Қарабақ республикасы өмірге келді. Армения тарапы оны Арцах атайды. Алайда оның тәуелсіздігін біздің Қазақстанмен бірге әлемнің бірде-бір мемлекеті мойындаған жоқ.  
90-шы жылдары ерікті ретінде майданға аттанып, жеті жылын соғыста өткерген Рашад Мәмедов қазір Әзірбайжанның Қазақстандағы елшісі. Дәл қазір ұрыс қимылдарын бастауға түрткі болған себептерді сұрадық. Айтуынша жағдайды қарсы тарап ушықтырған.  
 

РАШАД МӘМЕДОВ ӘЗІРБАЙЖАННЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ: «Жағдайды ушықтырудың алғашқы қадамы деп Армения премьер-министрі Никола Пашинянның өз ұлын оккупацияланған Әзірбайжан аумағына әскери қызметке жіберуі деп айтуға болады. Мұнан соң Таулы Қарабақтағы сепаратистік режимнің басшысын тағайындауға бағытталған заңсыз сайлау өткізілді. Әзірбайжанның Шуша қаласында жаңа басшыны ұлықтау рәсімін тағайындады. Премьер-министр Никола Пашинян әдейілеп сонда барып, аталған шараларға қатысты. Бұл барлық Әзірбайжандықтардың намысына тиді.  Арменияның басшылығы митингтерде ел алдына шығып: Таулы-Қарабақ  бұл Армения, бітті, басқа әңгіме жоқ дейтінді шығарды. Егер Таулы-Қарабақты Арменияныкі дейтін болса, онда басқа не айтуға болады? Онда келіссөздерге ешқандай негіз қалмайды».  
 

Қазақстандағы Армения елшісіне де бардық. Гагик Галачян мырза Әзірбайжанның әрекетін агрессия ретінде бағалап отыр. Әзірбайжанның кең көлемде ұрыс қимылдарын бастауға бірінші кезекті Түркия мұрындық дейді.  
 

ГАГИК ГАЛАЧЯН АРМЕНИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ: «Түркия Әзірбайжанды қақтығыстың қанат жаюы үшін үлкен соғысқа итермелеп отырған сияқты әсер қалдырады. Армения және басқа ойыншыларды жанжалға тарту арқылы оңтүстік Кавказда тұрақсыздықтың жаңа ошағын қалыптастыруға күш салуда. Түркия Ливия қақтығысына Сирияға соғысына араласты. Енді осы ылаңды оңтүстік Кавказға ойыстырғысы келеді».
 

Есте болса, қақтығыстың екінші күнінде Түркияның Ф-16 жойғыш ұшағы Арменияның Су 25 ұшағын атып түсірді деген ақпарат тараған болатын. Мұның сыртында ресми Ереван Әзірбайжан тарапы Сириядағы Түріктердің ықпалындағы содырларды алдыңғы шепке алдырып жатыр деп айыптады.   
РАШАД МӘМЕДОВ ӘЗІРБАЙЖАННЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ: «Әзірбайжанның әуе кеңістігінде F-16 ұшақтары ұшпайтынын жауапты түрде мәлімдейміз. Біз Түркия қарулы күштерінің қызметін, қару-жарағын пайдаланбаймыз. Қайдағы-жайдағы заңсыз қарулы топтар тіптен керек емес. Неге дейсіз ғой, себебі Кавказдағы ең мықты замануи армия біздікі».
 

Түркия қақтығысқа тікелей араласпаса да моральдық тұрғыда бауырлас елді қолдайтынын ашып айтуда. Тіпті минск тобы тең төрағалары  АҚШ, Франция және Ресей лидерлерінің ұрысты тоқтатуға үндеген мәлімдемелеріне қарымта жауап қатты.  


РЕДЖЕП ТАЙЫП ЭРДОҒАН, ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
«АҚШ, Франция және Ресейдің бұл проблемаға 30 жыл көз жұмып келгенін ескерсек, ұрыс қимылдарын тоқтатуды талап етуге қақылары жоқ».
 

ЭММАНЮЭЛЬ МАКРОН, ФРАНЦИЯ ПРЕЗИДЕНТІ: «Біз Түркия тарапынан айтылып жатқан соғысқа итермелейтін үндеулерге алаңдаушылық білдіреміз. Олар Әзірбайжанды Таулы-Қарабақты басып алуға шақыруда. Біз бұндай ниетпен келісе алмаймыз».
 

Макронның бұл мәлімдемесі Әзірбайжан президентінің ашуын туғызып отыр. Себебі БҰҰ-ы қабылдаған 4 қарар да Әзірбайжанның аумақтық тұтастығы мен егемендігіне қол сұғылмауы тиіс деп мойындайды. Яғни Таулы-Қарабақтан Арменияның оккупациялық күштері шығарылуы тиіс. Олар кетпесе күшпен шығарғаннан басқа не амал? Қазіргі соғыстың себебі де осы.
 

Алайда ресми Ереван  кетпейміз дейді. Әзірбайжан армиясын  Армения тұрмақ, Таулы Қарабаққа да жолатпаймыз дейді. Айтуларынша бұл ондағы халықтың талап тілегі.
 

ГАГИК ГАЛАЧЯН АРМЕНИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ: «Таулы-Қарабақ республикасы өз тағдырын айқындау құқығын референдум арқылы қамтамасыз етті. Ол 1991-жылдың 10-желтоқсанында өткізіліп, тұрғындардың 99-пайызы Таулы-Қарабақ республикасының тәуелсіздігі үшін дауыс берді. Бұл Әзірбайжанның тәуелсіздік декларациясын жарияламай тұрып орын алған жағдай».  
 

Аңдасақ тараптардың өліспей беріспейтін түрі жоқ. Тек түйткіл осымен тәмам болса кәні? Себебі қай сарапшы болмасын соғыс сценарийі осылай өрби беретін болса, қақтығыстың екі елмен шектелмейтініне сенімді.  
 

ҚАЗБЕК МАЙГЕЛДИНОВ САЯСАТТАНУШЫ: «Нәтижесінде қазіргі таңдағы таулы Қарабақ мәселе шиеленіс локалды соғыстан аумақтық соғысқа ауысып кетуді ең үлкен қаупі бар. Бірінші қауіп ол егерде Түркия қолдаған Әзірбайжан әскері Армения нақты территориясына келетін болса бұл тұрғыда ұжымдық қауіпсіздік келісімінің аясында Ресей бұл қақтығысқа қатысуға тікелей мүдделі болады. Өйткені,Армения қауіпсіздік кеңесінің мүшесі ретінде көмек сұраса  Ресей міндетті түрде бұған өз реакциясын беру керек болады».
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бұл қақтығысқа араласа қоюы халықаралық құқық тұрғысынан алсақ мүмкін емес. Себебі әлем таулы Қарабақтың окупацияланғанын мойындайды. Осы тұста біздің Қазақстанның рөлі қандай болу керек деген сұрақ бар. Себебі 91-жылы Назарбаев Ельцимен бірге Бакуге барып, тараптарды татуластыруға әрекет жасаған болатын.

 ДОС КӨШІМ САЯСАТКЕР: «Екі мемлекетпен де біздің арамызда белгілі бір қарым-қатынас бар. Достық қарым-қатынас бар. Сондықтан біздің мемлекетке бұл жерге басын сұқпай ақ қойғаны дұрыс деп ойлаймын. Бұл жерде біз әліптің артын бағып отыруымыз керек. Ал халық онсыз да менің ойымша Әзірбайжан жағын жақтайды».  
 

Армения елшісі бұл қақтығысқа Түркия белсене араласып отыр деп санайды. Және айтуынша Сириядағы жиһадшыларды қақтығыс аумағына тарту тағы бір жаһандық проблема туғызады. Яғни оңтүстік Кавказда Ауғанстан, Сирия, Ливия сияқты соғыс ошағы қалыптасуы мүмкін. Айтпақшы бұндай қауіптің барын Қазақстандық сарапшы да жоққа шығармайды.  
 

МҰРАТ ЛАУМУЛИН САЯСАТТАНУ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ: «Қалай болғанда Әзірбайжан мен Армения арасында қазір үлкен соғыс жүріп жатыр. Тек ол он күнде тиылмаса әрі қарай үлкен державалардың іс қимылын көреміз. Не тараптарды бітістіреді, не өздері қақтығысқа қатысушы ретінде араласады». Бұл дегеніңіз:   
 

ҚАЗБЕК МАЙГЕЛДИНОВ САЯСАТТАНУШЫ: «Бұл дегеніңіз кейбір  сарапшылардың болжамынша үшінші дүниежүзілік соғыстың бастамасы болып кетуі мүмкін».