Сарапшылар азық-түлік бағасының әлі де шарықтайтынын айтып отыр
|
Айлық қанша өссе де, қымбатшылық есесін жіберер емес. Елімізде жаңа жылдан бастап электр, жылу, судың бағасы мен жол жүру ақысы еселеп артуда. Қымбатшылықтың мұнымен шектелмейтін түрі бар. Сарапшылар жылан жылы халық көп тұтынатын негізгі азық-түлік түрлерінің де құны шарықтайды деп болжам жасап отыр.
Әлеуметтік жағдайы төмен мына отбасында 9 бала тәрбиеленуде. Алтынкүлдің қазір оныншы сәбиіне аяғы ауыр. «Қазақтың қатарын көбейткенің үшін» деп, мемлекет ай сайын он мың теңге жәрдемақы төлейді. Биыл бұл көмектің көлемі 9 пайызға көбейіпті. Есесіне, жыл бастала салысымен жарық, жылу мен тіршілік нәрі - судың бағасы да қымбаттап шыға келді.
Алтынгүл Мәметова, көпбалалы ана:
- Бір күн ауырсаңыз, 20-30 мың теңгеге дәрі-дәрмек жазып береді. Оның сыртында коммуналдық қызметке, энергия қымбаттап жатыр. Солардың бәріне төлеуден ақша қалмайды. Аш отыруға тура келеді ғой.
Биыл елімізде ең төменгі зейнетақы артып, 19 мың 066 теңгеге жеткен болатын. Бірақ қосқан ақшаның да есебі табылды. 1-ші қаңтардан бастап еліміздің әр аймағында жылудың бағасы 25, ал электр қуатының құны 11 пайызға қымбаттады.
Жангелді Шымшықов, ҚР БҒМ экономика институты филиалының директоры:
- Бір жерде кілем, ұялы телефон сынды заттардың бағасын арзандатып жатыр. Ал мына жерде нан, сүттің бағасы қымбаттауда. Зейнеткерлер күнде ұялы телефон алмайды ғой. Дұрыс есептелмеген. Күнделікті керек дүниені есепке алу керек.
Жаңа жылда теміржолшылар да билет бағасын 12 пайызға өсіріп үлгерді. Техникасының тозығы жетіп, вагондары ескірген теміржолдың күні енді жолаушылардың қаржысына қарап қалыпты.
Александр Кирович, «Жолаушылар тасымалы» АҚ вице-президенті:
- Бағаны жолаушылар тасымалы саласындағы шығындарды азайту үшін қымбаттаттық. Сондай-ақ, жолаушылардан түскен қаржыға темір жол жүйелерін дамытып, биыл 208 су жаңа жолаушылар вагонын сатып алуды жоспарлап отырмыз.
Ең қажетті деген азық-түлік себетіне кірген ет пен май бағасы да биыл шарықтайды екен. Елімізге азық-түліктің 49 пайызы инфляциясы бізден бірнеше есе жоғары Ресейден тасымалданатынын ескерсек, тамақ құнының да тұралап қалмайтыны анық, - дейді мамандар.
Жангелді Шымшықов, ҚР БҒМ экономика институты филиалының директоры:
- Ет өнімдері, өсімдік майы қымбаттайды. Бір қуантарлық жағдай тек күріштің бағасы тұрақты болады.
Мамандардың болжамынша, Кеден Одағы аясындағы Ресей мен Беларусьтан келетін импорт көлемі артып, керісінше экспортымыз азаяды екен. Ресеймен интеграция күшейеді. Біріңғай экономикалық кеңістікке қатысты келісімдер толық аяқталуы әбден мүмкін. Сондай-ақ, сарапшылар 2013 жылдың экономикалық беталысы әдеттегідей мұнай бағасына байланысты болатынын айтады. АҚШ қара алтынның құнын көтерсе, оған қоса Қашаған кен орнынан мұнай өндіріле бастаса, экономикалық ауыртпалықтар аздап әлсірейді деген үміт те бар.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін