Сол сияқты таралу ауқымы еуразиялық кеңістікке тән әр қилы күрес түрлері көп. Атап айтқанда, «Белбеу күрес». Бұл өте байырғы жекпе-жек түрлерінің бірі. Бұл өнер түрі Алтын Орда дәуірінде көшпенділер арасында кеңінен танымал болған. Өйткені, Еуразиядағы түркі тектестер (қазақ, өзбек, ноғай, башқұрт, татар, қарашай-құмық т.б.) бір шаңырақтың астында болатын. Бүгінгі таңда жоғарыдағы күресті татар, башқұрт, ноғайлар төл өнеріміз деп таныса, Кіші Азия жұрты да ескілікті мұрамыз деп есептеп жүр. Орта ғасырда өмір сүрген оқымыстылар – Ибн Сина, Әбділқасым Фирдауси, Махмуд Қашқарилардың еңбектерінде белбеу күресі туралы жазылған. Сол сияқты моңғолдың ұлттық күресі «бөх»-тің де 1000 жылдан астам тарихы бар екен. Тіпті Шыңғыс заманына қатысты тарихи деректерде ұлттық күрестен сайыс өтіп, қағанның інісі Қасар топ жарғаны жайлы айтылады, — деп жазады NAMYS.KZ сайты.
Осы орайда, қазақ күресінің тарихы, дамуы жайында өз оқырмандарымызды хабардар ету мақсатында, «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының атқарушы директоры, зерттеуші азамат Сәрсен Құранбекті әңгімеге тартып отырмыз.
— Қазақтың ұлттық күресі туралы әлі күнге дейін жүйелі зерттеу ісімен айналысқан адам аз. Ұлттық күресіміздің даму кезеңі туралы нендей пікір айтасыз?
— Қазақ халқының өмір сүру салты көшпенді тұрмысқа бейімделгендіктен, күнделікті іс-әрекетінің өзі күрес. Табиғаттың таза сұрыптауынан өткен халықтың жекпе-жек өнерге деген ынтасы классикалық түрде жетілген. Тарихқа көз жүгіртсек көшпенді тайпалардың түп атасы сақ, ғұн, түркілер дәуірінде садақ атудан, ат үстінде найзаласудан т.б. дәстүрлі сайыстар өтетіні жайлы нақты деректер бар. Бұл деректер қазақ күресінің тарихын ғылыми түрде зерттеген Елемес Әлімханұлы, Қыдырбек Рысбек, Жүсіп Хисымов секілді т.б. ағаларымыздың еңбектерінде жазылған.
Мысалы, Қытайдың осы заманғы археологтары біздің жыл санауымыздан бұрын Хан патшалығы дәуірінде тұрғызылған, Шинан қаласы маңындағы ежелгі түркілердің қонысын қазып, қабырды ашқанда зираттың ішінен екі мыс табақша табылыпты. Табақшалардың бетінде екі адам бір-бірімен қоян-қолтық ұстасып, күресіп жатқан сипаты ашық бейнеленген екен. Қытай ғалымдары бұл балуандарды түріктердің арғы тегі саналатын ғүндар деп ұйғарған. Демек, бұл заттар – күрес шежіресінің айғағы. Оның бер жағында халықтық эпостарда сайыс өнері жайлы көркем тілмен керемет баяндалса, ерте замандағы таңбалы тастардағы күресіп жатқан адам бейнелі таңбалар жайдан-жай салынбаған шығар.
Сол сияқты байырғы көшпенді ата-бабаларымыздан қалған жекпе-жек сайыс өнерінің бір тармағы – қазақ күресінің де өзіндік тарихы бар. Бірақ, ол өткен ХХ ғасырдың басына дейін ел ішінде күрестің бірізді жүйеленген тәртібі болған жоқ. Сондықтан да әрбір өңірде күрес ішкі ерекшеліктерін сақтай отырып, қалыптасқан. Айталық, еліміздің шығыс және орталық өлкелерінде «Арысқа түсу» дейтін сайыс түрі кең дамыған. Бұл жайлы ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің шығарамаларында көркем баяндалады.
— Ол қандай сайыс түрі?
— Екі қауым, екі ел немесе екі ру өздерінің балуандарын алып келеді. Көрермендерге әсерлі болуы үшін, оны шынжырлап, ноқталап әрі көз-сұқ тимесін деген ниетпен жабулап ұстайды. Балуанды күрес алаңына, яғни арысқа әкеле жатқан мезетте шынжырлы балуан жақтасарын шынжырымен қоса сүйреп, қарсыласын жеп қоярдай өкіреді. Бұл нақтырақ айтқанда психологиялық шабуыл әрі театрланған көңіл көтеру. Осылай екі балуан арысқа түсіп қай жеңгені жүлдені алады, я болмаса, «менімен күш сынасатын тағы кім бар» деп көпшілікке қолқа салады.
— Сіз жоғарыда ХХ ғасырдың басына дейін ел ішінде қазақша күрестің бірізді жүйелеген тәртібі болған жоқ дедіңіз. Күрес қай шамадан бастап жүйелене бастады?
— Қазақ күресінің ғылыми жүйеленуі 1920 жылдан басталады. Алғаш рет 1936 жылы Семей қаласында қазақша күрестен Қазақстан чемпионаты өтеді. Оған Алматы, Батыс Қазақстан (Орал, Атырау, Ақтөбе), Қостанай, Оңтүстік Қазақстан (бұрынғы Шымкент және Жамбыл өңірі), Семей, Павлодар облысының балуандары қатысыпты. Олар үш салмақ дәрежесі бойынша күш сынасады. Жеңіл салмақта М.Құрманбаев (Алматы облысы), орта салмақта Еңсеп Досқалиев (Батыс Қазақстан), ауыр салмақта А.Мусин (Павлодар) жеңімпаз атанады. Түйе балуан атағы үшін алты балуан белдеседі. Еңсеп әуелі оңтүстіктің балуаны С.Қасықбаевты жеңеді. Шешуші бәсекеде Е.Досқалиев өзінен алты жас үлкен, әрі салмағы тоғыз келі ауыр А.Мусинді жеңіп қазақ күресі тарихында тұңғыш ресми «Түйе балуан» атанған екен.
1938 жылы республикалық ауыл Спартакиадасында өтетін болып қазақша күрестің жаңа ережесі қабылданған. 1940 жылы қаңтар айында Алматы қаласында қазақша күрес өкілдері екінші рет бас қосып, жоғарыдағы ережеге өзгеріс енгізеді. Әрі жаңа ереже бойынша бір қана салмақ дәрежесімен Қазақстан чемпионатын өткізеді. Оған, Алматы, БҚО, Қарағанды, Қызылорда, ОҚО, Павлодар, Өскемен, Семей өңірінің балуандары қатысты. Тағы да орта салмақтағы Еңсеп Досқалиев ешкімге дес бермей бәрін жеңеді. Осы жылы (1940) шілде айында Мәскеу қаласында ҚазССР-ның 20 жылдығына орай орталық «Динамо» стадионында мыңдаған көрерменнің алдында біздің балуандар қазақша күрестің үлгісін көрсетеді.
Бұл жерде, яғни Мәскеуде қазақша күрестен басқа өзбек, тәжік және түркімен халықтары да өз күрес түрлері бойынша көрсетілім жасаған. Бірақ кеңестік спорт мамандары қазақша күрес үлгісін оңтайлы көріп, осы үлгі бойынша 1941 жылы ақпан айында Фрунзе (Бішкек) қаласында Орта Азия және Қазақстан халықтарының чемпионатын өткізу жайлы шешім қабылдайды. Бұл біріншілікке еліміз атынан 10 балуан қатысып, Еңсеп Досқалиев бастаған біздің азаматтар командалық есепте бас жүлдеге ие болған. Бұлар қазақ күресі тарихында халықаралық жарысқа қатысып, тұңғыш рет чемпион болған тұлғалар.
Осылай қазақша күрес халықаралық дәрежеде қарқын алып келе жатқанда, екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетіп, арада он неше жыл үзілістен кейін 1952 жылы қана Орта Азия және Қазақстан спортшылары Спартакиадасында жоғарыдағы ереже негізінде жарыс өткен екен.
— Бұл жарысқа Еңсеп Досқалиев қатысты ма?
— Өкініштісі жауырыны жерге тимеген атақты балуан Еңсеп Досқалиев 1944 жылы соғыста қаза тауыпты.
— Қазақша күрес тарихында айта жүрерлік оқиға соғыс аяқталған 1945 жылдың күзінде Семейде Абайдың 100 жылдық тойы болды. Осы жиында күллі қазақ даласының балуандары бас қосқан жоқ па еді…
— Дереккөзіне жүгінсек, соғыстан бұрын қазақша күреспен айналысып, балуан атағы шыға бастаған азаматтардың барлығы соғыстан оралған жоқ. Аман-есен келгендердің өзі мүгедектігіне байланысты күреске шыға алмаған. Абайдың жүз жылдық торқалы тойы соғыстың зардабынан әбден еңсесі езілген халықтың рухани сілкінісін оятқан зор оқиға болғаны сөзсіз. Тіпті тойға атақты балуан Қажымұқан атамыздың өзі келіп қатысқан. Күрес 1940 жылы қабылданған ереже бойынша өтіп, Семейдің Ақсуатынан келген балуан Дәулен Әбікенов пен Абыралы елінің жойқын күш иесі Әшкен екеуі шешуші арысқа түседі. Дәулен Әбікенов қарсыласын төңкеріп тастайды. Осы күрестің басы қасында болып, арыстардың айқасын көзбен көрген халық ақыны Төлеу Көбдіковтің:
Балуандар жағаласып жармасқанда,
Алысып айдаһардай арбасқанда,
Балуаны Ақсуаттың лақтырып,
Шығарды бұрқ еткізіп шаңды аспанға… – дейтін ұзақ жыры бар. Сөйтіп, қарсыласын «шаңды аспанға шығарып» жеңген Дәулен балуан атан түйе бәйгесін Қажыекеңе сыйға тартып, қонақкәде жасайды. Осы той кезінде Қажымұқан балуанды ортаға алып, Дәулен Әбікенов, Мариям Жагорқызы мен оның күйеуі Дүйсен қатарлы көп адам бірге түскен фото сақталған (суретте).
— Сәрсен бауырым, дейтұрғанмен қазақша күрестің қайтадан жандануын тәуелсіздікпен байланыстырып айтып жүрміз. Ол рас әрине. Осы жайында әңгіме желісін тарқатып көрсек?
— Қазақша күрестің шынайы түрде дамуы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін басталды деуге болады. Бірақ Кеңес одағы кезінде ұлттық күресіміз ұмыт қалған жоқ. Өңірлерде сақталып келді. Осы орайда, бір өзі қазақ күресі жайлы 30-дан астам ғылыми еңбек жазып, 7 оқу құралын өмірге әкелген Ерғали Мұхитдинов ағамыз жайлы айтпай кетуге болмайды. Бұл кісі алғаш рет «Қазақша күрес» федерациясын құрып, оның тұңғыш төрағасы болған адам. Осы шамада, яғни 1990 жылдары атақты балуан Әбілсейіт Айханов ағамыз өзі бас болып қазақша күрес ережесін жазып, ол ереже 1990-1995 жылдарға дейін қолданыста болды. Одан кейін күрес ережесін жетілдіріп, қазіргі балуандар киіп күресіп жүрген күрес костюмының негізін жасаған адам – Елемес Әлімханов. Бұл кісінің де қазақ күресіне сіңірген еңбегі ерекше.
Кезінде «Қазақша күрес» федерациясының президенті болған, қазіргі ҚР Ақпарат және мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза да қазақша күрестің дамуына зор еңбек сіңірді. Мұхтар ағамыз Федерацияны басқарып тұрған уақытта жыл сайын үлкен жарыстар өткізіліп, бас жүлдеге жеңіл автокөлік сыйға тартылатын дәстүр қалыптасты.
Одан кейін 2002 жылдардан бастап осы күрестің қыр-сырын білетін Бауыржан Жаналин, Марат Жақитов, Диқанбай Биткөзов сияқты мамандар тартылып, дәл қазір қолданыста жүрген ереже дүниеге келді. 2004 жылы Берлин қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайында «Қазақ күресі» бойынша халықаралық федерация құрылып, оның басшысы болып Серік Төкеев ағамыз сайланды.
— Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясы құрылғаннан кейін қазақша күрестің жаңа тынысы ашылды дейсіз ғой…
— Дәл солай. 2004 жылы қарашада Алматы қаласында ҚР Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен ірі халықаралық турнир болды. Оған әлемнің 25 елінен 100-ден аса спортшы қатысты. Олардың қатарында Германия, Түркия, Голландия, Франция және басқалары бар еді…
Сондай-ақ, алғаш рет Азия біріншілгі 2006 жылдың шілде айында Ресейдің Таулы Алтай өлкесіндегі қазақтар қоныстанған Қосағаш ауданы жерінде өтті. Оған 7 мемлекеттен және Ресейдің 6 өлкесінен 130-ға тарта балуандар қатысты. Бұл жарыс екінші рет Моңғолия қазақтары шоғырланған Бай-өлке жерінде өтті.
Осы жылы, яғни 2006 жылдың соңында Алматы қаласында қазақ күресінен тұңғыш әлем біріншілігі өткізілді. Оған 36 мемлекеттің балуандары қатысты. Бұл жарыста Қазақстанның 4 балуаны әлем чемпионы атанды, атап айтсақ: Бауыржан Тәліп, Мәди Құрымбаев, Бақтыбай Қисықов, Бейбіт Ыстыбаев.
Келесі 2007 жылы қараша айының 2-7 аралығында Алматы қаласында «Күрес фестивалі» өтті. Бұл бұрын-соңды болмаған оқиға. Фестивальға әлемнің 60 мемлекетінен спортшылар келіп қатысты. 2008 жылы Ресейдің Орск қаласында 2-ші әлем біріншілігі өткізілді, оған 42 мемлекеттің балуандары қатысып, Қазақстанның 4 балуаны алтын, 2-і күміс медальмен оралды. 2010 жылы Елордамыз Астана төрінде 3-ші әлем біріншілігі туын желбіретті, оған 46 мемлекеттен 300-ден астам балуандар қатысты. Қазақ балуандары бұл бәсекеде намысты қолдан бермей 5 алтын 1 күміс 1қола медаль иеленіп командалық есепте бірінші орынды алды.
— Сонымен қазақ күресінің жаңа тынысына «Қазақстан Барысы» ұлттық күрес жобасы келіп қосылды…
— Аталмыш жобаның авторы, яғни негіздеушісі ұлтжанды азаматымыз Арман Шораев мырза.
2011 жылы 20-шы тамызда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында Елбасы жүлдесі үшін «Қазақстан Барысы» турнирі алғаш рет өткізілді. Оған әр облыстан 4 балуаннан, барлығы 64 балуан қатысып бас жүлдені сарапқа салғанын білесіздер. Бұл сайыста 1-ші орынды қызылордалық балуан Ұлан Рысқұл иеленіп, 150 000 АҚШ долларын алды. 2-ші орынды Жамбыл обылысының балуаны Бейбіт Ыстыбаев иеленіп, жүлдеге 30 000 АҚШ долларын алса, 3-ші орын Шығыс Қазақстандық Шалқар Жоламановқа бұйырды. Оған 10 000 АҚШ доллары бұйырды. Жеңімпаз бен жүлдегерлердің бапкерлері де тиісінше 50 000, 10 000, 5 000 АҚШ долларын алды.
Ұлт Көшбасшысының жүлдесі үшін «Қазақстан Барысы» турнирінің бәйгесі екінші рет 2012 жылдың 22 қыркүйегіне сарапқа салынды. Мұндағы жүлде қоры 320 000 АҚШ долларын құрады. Биыл, Алла сәтін салса, Астанамыздың 15 жылдық мерекесі қарсаңында, маусымның 30-ы күні Елорда төрінде «Қазақстан Барысы» турнирін үшінші рет өткізгелі отырмыз. Жүлде қоры өткен жылғыдан кем болмайды.
— Болашақта алға қандай мақсат қойып отырсыздар?
— Жалпы, «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының негізгі мақсаты қазақ күресін ұлттық идеяға, ұлттық намыстың қайнары мен қайрағына айналдыру. Яғни, ұлттың бойында бар бір жақсы қасиетті басқа да жақсы қасиеттерінен бөліп алып қарауға болмайтын себепті, күресті дәріптеу арқылы ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан игі дәстүрлерімізді ұлықтау, салтымызды қадірлеу. Ұлтымыздың ерекшелігін паш ете отырып, мынау жаһандану заманында қазақтың болмыс-бітімінің сақталуын қамтамасыз ету. Әрі барымызды байыта отырып келер ұрпаққа қаз-қалпында жеткізу. Және ұлттық күресімізді дамыту арқылы бұқараның көптеп спортпен шұғылдануына, дені сау, рухы күшті болуына ықпал жасау. Болашақтағы мақсатымыз осы бағыттағы жұмысты жалғастыру.
Әрине, бұған жылына бір қана турнир өткізіп жетудің мүмкін еместігін жақсы білеміз. Сондықтан да болашақта ел ішінде балалар, жасөспірімдер және жастар арасында, сондай-ақ, қазақ күресінің халықаралық аренадағы беделін күшейту мақсатында шоқтығы биік халықаралық турнирлер ұйымдастыруды қолға алмақпыз. Осындай бір жақсы турнир биылғы жылдың тамыз-қыркүйек айларына жоспарланған. Ол туралы уақыты келгенде кеңінен айтармыз.
Тағы бір айта кететін жайт, өздеріңіз білетіндей, кезінде тағдырдың теперішімен сыртқа кеткен қандастарымыз әлемнің әр тарабына тарап кеткен. Осы бауырларымыздың Тәуелсіздіктің таңы атқалы бері Отанымызбен және өзара қарым-қатынастары күшейген. Тіпті, кәрі құрылықта тұратын қандастарымыз жыл сайын Еуропа қазақтарының құрылтайын да өткізіп отырады. Қордың қолға алғалы отырған тағы бір тың жобасы ҚР Сыртқы істер министрлігі, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, Қазақ күресі федерациясымен бірлесе отырып биылғы жылдан бастап осындай шетелдегі құрылтайлар барысында қазақ күресінен турнирлер ұйымдастыруды қолға алмақпыз.
Сонымен қатар көкейімізде жүрген тағы шара – қазақ күресінің тарихы, бүгіні мен болашағына қатысты ғылыми-тәжірбиелік конференция ұйымдастыру. Алла сәтін салса, оны күзде ұйымдастырмақшымыз.
Осындай іс-шаралардың жүзеге асуына – ел болып бірігіп, жұрт болып жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып әрекет жасауымыз қажет екені екі бастан түсінікті. Сондай-ақ, қазіргі таңда, жоғарыдағы іс-шаралардың жүзеге асуына қол ұшын созып отырған «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры, «Қазақтелеком» АҚ, «RG Brands», «Астана-Моторс» компанияларының басшыларына, БАҚ өкілдеріне және өз ықыластарын қосып жүрген барлық ұлтжанды азаматтарымызға зор алғысымызды білдіргіміз келеді.
Сұхбатты жүргізген: БЕКЕН Қайратұлы
29 маусым күні қазақ күресінен Ұлт Көшбасшысы — Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жүлдесі үшін «Қазақстан Барысы» турнирінің финалдық бәсекесі өтеді. Төл күресімізден осымен 4-і рет ұйымдастырылатын додаға жыл сайын 8 миллионға жуық жанкүйер қызығушылық танытады.
Жылдың ең айтулы спорттық оқиғасы Астана қаласының туған күніне орай өтетін түрлі мерекелік іс-шаралардың бастамасы болмақ.
Ал «Қазақстан Барысы» турнирінде «Алтын белбеу» мен «Тайтұяқтың» ғана емес, Hyundai Elantra автокөлігінің иесі де анықталады. Су жаңа көлікті ұтып алғыңыз келсе, бағасы 1000/3000/5000 теңге тұратын билеттерді сатып алыңыз!
Көрермендерді темір тұлпардан бөлек түрлі тосын сый күтуде. Әрине, ең басты тартыс кілемде өтеді. Биыл кім топ жарып, чемпион атанар екен? Мұның жауабын 29 маусым күні білетін боламыз!
БИЛЕТТЕР САТЫЛЫМҒА ТҮСТІ!












