Бұл туралы Сaravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Бұл туралы ол желідегі парақшасында мәлімдеді.
«Үш күн алдын кен астында қалған жеті бауырымыздың қайғысына жөндеп қайғырып та үлгермедік. Марқұмның бірінің фамилиясы Кенжебеков екен. Менікіндей. Келесі марқұмның фамилиясы нағашымдікіндей. Молдабеков. Біреу білсе, екінші білмес, 9-сыныпқа дейін фамилиям Молдабеков, атым Жансерік деп ойлап жүргенмін.
Содан ба, мен осы апатты жүрегіме қаттырақ алғандай едім. Қайдағы, ол күй көпке созылмай, салық органдарының хабарламасы кеп, сасып қалдым. Бұрын-соңды салық органынан бірінші мәрте ескерту алуым және сол біріншісі “2022-2023 жылдарға 215 млн теңге” деген сома шықса, саспай көр… “Шайтан сендерді кедейлікпен қорқытады”
Сөйтсек, камеральды тексеріс дегені айыппұл емес, төленген салықтың айырмасы емес, ИП шотым, Кәспи Голдым, басқа да екі банктің картасында жүрген ақша айналымы екен. Әйеліме жібергенім, өзіме банкоматтан ақша салғаным, туған күніме көрімдік, қарыз алуым, авиабилеттер, қайырымдылық — бәрін қоса салған және бәрін табыс деп көргісі келген-ау. Табыс ол кірістен шығысты алғанда шығатын сома екенін білетін сияқты едік…
Хош, енді жеке бухгалтерім Жанар Салық кодексіне сүйене отырып, хат дайындап жатыр. Бұған дейін салықтың ақпарынан проблема болмаған, шот жабылмаған, ескерту келмеген, тұрақты төленген. Берешегім жоқ. Әйтпесе, шетелге шыға алмай, Каспиіміз ашылмай қалар еді ғой..
Сондықтан, ресми хатқа да қанағаттанбай жатса, 20 наурызға дейін уақыт бар кірістің әр пунктің талдап, дәлелдеп жатуға. Сасатын дымы жоқ. “Ақшаға шешуге болатын мәселе мәселе емес” демекші, бір тиын кем бергенімді дәлелдеп жатса, екі тиын ғып төлеуге әзірмін. Негізі, бухгалтерім мен салық органының арасында тып-тыныш, заңдық аяда шешілетін мәселе ғой. Сол үшін журналистер сөз басында айтқан 7 адамның қазасын ұмытып кететіндей жағдай емес. Бірақ, айқайға сүрең қосып жатқан — өзіміз.
Менің позициям айқын. 66 мемлекетті аралаған һәм солардың ішінде өркениетті ел болса, оның табыс кілттерінің бірі — тиімді салық жүйесінде екенін мойындап, насихаттап жүргеннің бірімін. Мысалы, былтыр болған Норвегияда көп жұмыс істеп, көп табыс тапқан сайын салығың арта береді. Оның кесірінен көп жұмыс істегенің тиімсіз боп қалады.
Сондықтан, жұмыс пен демалыс балансы сақталады, бай мен кедей арасы алшақтамайды. Ал Норвегияда кім миллиардер болғысы келсе, АҚШ-қа көшеді деп әзілдейді. 2019-2020 жылы осы Фэйсбукте де сол кездегі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөзіне жауапты Олжас Отар ағаммен салық мәдениеті жайлы сериялы посттар жазған едік
Фискальды чекті талап етуден бастап лотерея, ұтыстан өкіметке салық төлеуге дейін. Қазір де Олжекеңмен салық мәселесінде жиі кеңесіп тұрамын. Сондықтан, салық мәдениеті блоггер ме, аспаз ба, бәріне ортақ һәм түсінікті болса деймін», — деп түсіндірді блогер.