Жарияланды: 670

Сауд Арабиясының СІМ Сауд Аль Фейсал биыл елімізге ресми сапармен келеді

Сауд Арабиясының ханзадасы әрі осы елдің сыртқы істер министрі Сауд Аль Фейсал биыл елімізге ресми сапармен келеді. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР СІМ-нің ақпарат және талдау басқармасынан хабарлады.

Қазақстан сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев 17-қаңтарда Эр-Рияд қаласында өткен кездесуде ханзада Сауд Аль Фейсалды елімізге сапарлап қайтуға шақырды. "Ханзада шақыруды зор ризашылықпен қабыл алды",-делінген министрліктің хабарламасында. Кездесу барысында сондай-ақ, екі жақты қарым-қатынастар және олардың аясын кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасылып, өзара мүдделілік танытылған әлемдік және аймақтық тауқыметтер туралы талқыланды. Қазақстанның сыртқы саясат мекемесінің басшысы Эр -Рияд қаласында көп адамның өмірін қиған лаңкестік шараларды айыптады. Қазақстан Корольдық тарапынан халықаралық лаңкестікпен күрес мақсатында қолданылып отырған шараларды толық қолдайды деді ол. Қ.Тоқаев пен ханзада Сауд Аль Фейсал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Азиядағы өзара сенім және ықпалдастық шараларына орай кеңес шақыру туралы бастамасының даму барысы және бұл процесске Сауд Арабиясын қатыстыру жайын талқылады. Азиядағы өзара сенім және ықпалдастық шаралары жөніндегі кеңеске қатысушы елдердің тұңғыш саммиті дүниежүзінде үлкен резонанс туғызғанын атап өткен тараптар бұл кеңес Азиялық мемлекеттер арасындағы өзара ақыл-кеңес пен диалогқа кең мүмкіндіктер ашқанына тоқталды. Ханзада Сауд Аль Фейсал Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы екі жақты саяси және экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға мүдделілік білдірді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сауд Арабиясына жасайтын алдағы сапары екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретіндігіне сенім білдірілді. Сауд Арабиясына барар жолда ҚР СІМ Стамбул қаласында өзінің Түркиялық әріптесі - осы ел үкімет басшысының орынбасары әрі сыртқы істер министрі Абдулла Гүлмен келіссөздер жүргізді. Әңгіме барысында екі елдің халықаралық сахнадағы ынтымақтастығы мен екі жақты қарым-қатынастарға қатысты мәселелер сарапқа салынды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін