Сәуле Әбілдаханқызы: Бір балам өлгенде тірідей жер астына кіріп кеткім келді, ал 5 баланың қайғысын ешкім түсіне алмайды - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+15 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сәуле Әбілдаханқызы: Бір балам өлгенде тірідей жер астына кіріп кеткім келді, ал 5 баланың қайғысын ешкім түсіне алмайды

Сәуле Әбілдаханқызы: Бір балам өлгенде тірідей жер астына кіріп кеткім келді, ал 5 баланың қайғысын ешкім түсіне алмайды

Жақында Астанада болған қайғылы жағдай халықты есеңгіретіп тастады.

  • 11 Ақпан 2019
  • 5338
Фото - Caravan.kz

Бір үйдің 5 қызы өртеніп кеткеннен кейін алғашқылардың бірі болып бас көтеріп, халықты бейбіт митингке шақырған журналист Сәуле Әбединова сол күні өз ұлының да өлімін еске алған. Жалғыз ұлынан айырылғанда онымен бірге жердің астына кіріп кетуге дайын болған ана 5 баласынан көз жазып қалған ата-ананы ешкім түсіне алмайды деп отыр.

Сәуле Әбединова “Еуразия” арнасының “Басты бағдарлама” хабарында қонақ болып, өзіне көрсетілген қысым мен болған жағдайға қатысты ойын айтты, деп жазады Stan.kz.

Астанадағы оқиғаға кейбір шенділер балаларын тастап, түнгі сменге жұмысқа кеткен ананы да кінәлап үлгерді. Сәуле Әбединова бұл жағдайға депутаттардың өзін кінәлады.

“Ешбір ана, ешкір әйел, Косарев мырза! Үш айлық емшектегі баласын, ең үлкені 13 жаста болып отырған 5 баласын сыртынан тауық қораға қамап, көмір жағатын пешін жағып, түнгі сменге кетпейді. Егер сіздер дұрыс жұмыс істесеңіздер, сол ата-аналардың жағдайын ойласаңыздар, ол не істейді басын қатырып? Бес бала қайтқан кезде өзімнің баламды ойладым. Менің баламның тап-таза мәйіті, сүйегі арулап жуылды, көмілді. Сол кезде мен тірідей баламмен бірге жердің астына түсіп кеткім келді. Ал мына жерде дәл сол қасіретті бес есе сезіну, олардың сүйегін де көре алмай, жуындыра алмай қалу – ондай қасіретті ешкімнің басына бермесін, оны ешкім түсінбейді.

Бес бала туралы оқып келіп, шетел туралы да, бәрін де ұмытып кеттім. Өзімнің балам, бір жыл бұрынғы жағдай есіме түсіп, ұйқы қашты, тамақтан су өтпей қалды. Жыладық, еңіредік. Отырып-отырып ойлар келді, содан кейін мен ана постты жаздым. Содан кейін мені атса атып тастасын, жолда кетіп бара жатқан жерімнен көлікпен қағып өлтіре салыңдар. Кеше ішкі саясатқа барғанда соны да айттым”, – дейді Сәуле Әбединова.

Елді бейбіт митингке шақырған Әбединоваға бұдан кейін билік өкілдері хабарласқан. Келіп-кетуін сұраған. Алайда ел ойлағандай, әкімдіктегілер журналист ханымға қысым көрсетпепті. Тек барлығын заң аясында ойластырып, ымыраға келуге шақырыпты. Сөзіне қарағанда, әкімдіктегілер митинг өтетін күннен 10 күн бұрын арыз жазуға шақырған. Алайда журналист осынша көп уақыт күте алмайтынын, заң рұқсат бермесе де, халықпен бірге көтерілетінін ескерткен.


“10 күннен кейін “жарайды, өткізе ғой” деп ешкім айтпайды маған. Сондықтан да жақшаның ішіне “рұқсат етпесеңіздер де жиналамыз” деп жазып қойдым.

Қысым көрсету тұрғысында маған ештеңе айтылған жоқ. Керісінше: “Сіз халықтың адамысыз, ертең сізге де бірдеңе болып кетпесін. Ертең өздерінің арызын айтып кеткен аналарға да обал боп кетпесін. Прокуратура бізге бағынбайды. Олар ішкі істерден келген бұйрықты орындайды. Сондықтан диалогқа, келісімге келейік деді. Келісімі сол, 10 күн күту керек”, – дейді Әбединова.

Журналист үкімет алғаш рет халықтың жан айқайына құлақ асып, әрекет ете бастағанына қуанды. – Нәтижесін уақытында көреміз, деп қысқа қайырды ол. Сөз соңында ол билік басында отырғандарға жан айқайын жеткізді.

“Айналайын үкімет, әкім-қаралар, депутат мен боламын ба, басқа бола ма, біздің бір ғана қалауымыз – дұрыс, жақсы өмір сүргіміз келеді. Балаларымыздың қарны тоқ, көйлегі көк болғанын қалаймыз. Біздің есебімізден, халықтың есебінен сіздердің байығандарыңызды, шалқып өмір сүргендеріңізді, сөйтіп отырып халықты төмпештей бергендеріңізді біз қаламаймыз. Өз басым әйел ретінде де, ана ретінде де, адам ретінде де бұндайға, бір сөзбен айтқанда әділетсіздікке төзбеймін”, – деп мәлімдеді Әбединова.

Соңғы жаңалықтар