KZ-today тілшісіне берген сұхбатында саясаттанушы «жарылыстарды әлдекім саяси көзір ретінде пайдалануға талпыныс жасауы ықтимал» деген қаупін білдірді. Атап айтсақ, оны ұйымдастырды деп партияның қарсыластарын айыптау мүмкіндігі бар. Д.Сәтпаевтың пікірінше, «бұл — тым жіңішке жорамал», және оқиғаның бұлайша өрбуі «күтпеген залал-зардапқа алып келуі мүмкін». Сондай-ақ, саясаттанушы «Отан» партиясының қарсыластары тарапынан «мұндай күрес тәсілін пайдаланудың кез-келген мүмкіндігін» жоққа шығарады. Қазақстанда лаңкестік әрекеттер болған жағдайда, олар тек «сыртқы, шетелдік күштер тарапынан» ғана ұйымдастырылады,- дейді Д.Сәтпаев.
Саясаттанушы кешегі оқиғаға қатысты бірнеше түрлі болжам айтады. Лаңкестік туралы болжам негізгі жорамал ретінде қарастырылмайды. Дегенмен, «егер бұл бұзақылық әрекет болған жағдайда, онда ең қолайлы орын таңдалғандықтан, бұзақылардың саяси сауаттылық деңгейі тым жоғары болмақ». «Отан» партиясы кеңсесінің жанында болған жарылыс қоғамда үлкен резонанс тудырды. «Егер осындай оқиға басқа жерде, айталық, беймәлім бір жазықа болса, онда оған ешкім мән бермес еді»,- дейді Д.Сәтпаев.
Ресми болжамдар бүгін-ақ пайда болады,- деді ол. «Жарылыстың себептері, оны кім ұйымдастырды және кім жүзеге асырды деген тұрғыда сәуегейлік айтып, ондай жауапкершілік жүктей алмаймын». Дегенмен, соңғы әзірде Алматыда «күдік тудыратын ағымдар бой көрсете бастады»,- дейді саясаттанушы. Мәселен, таяуда ғана Алматыдағы бағытты таксилердің бірінде тротил құтысы табылды. Сәуір айында ғана Алматыдағы орталық көшелердің бірінде жарылыс болды. Мейлі, кешегі оқыс оқиға да тіпті бұзақылық оқиға болса да, «баршамыз үшін сабақ болуы тиіс». Ал Қазақстанмен көршілес елдерде лаңкестік әрекеттердің сирек кездесетін оқиғалар қатарынан әлдеқашан шыққанын да ескерген абзал, деді саясаттанушы.
Оның пікірінше, Қазақстан аумағында «ертелі ме, кеш пе, әйтеуір, лаңкестік әрекет шығатыны анық». ҚР ҰҚК «Орталық Азия моджахедтерінің жамааты» ұйымын әшкерелеген қазіргі жағдайда мұндай ықтималдық тіптен арта түсті. «Ал бұл ұйымның басты мақсаты — әзірге Өзбекстан аумағында лаңкестік әрекеттерді жүзеге асыру екені мәлім».