Жарияланды: 520

Саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Ешім Ғұмаровтың есімі ұмытылмақ емес

Тота­­ли­тарлық қыспақтың тырнағына ілігіп, жазықсыз жапа шеккен жаңақа­лалы­қ­тардың бірі - Ешім Ғұмаров.

Ол 1893 жылы Жаңақала ауданының №18 Мәстексай ауылдық кеңесіне қарасты Жорта деген жерде дүниеге келіпті. Оның өмір жолы туралы Қазақстанның құрметті журналисі, соғыс және еңбек ардагері Мәжит Жаданов былайша әңгімелеп берді. Ата-анасынан ерте айырылған Ешім ағаларымен бірге жалданып, ауқатты шаруалардың малын бағып күнін көреді. Кедейліктің салдарынан сауатын да аша алмаған, діни білімге де қолы жетпеген. Дегенмен Ешім жастайынан пысық, елгезек, адамға жақын тұратын қабілетімен танылады. 1916 жылы қазақ жастарын қара жұмысқа алу туралы патша жарлығына орай, ағасының орнына сұранып, Ресейге аттанады. Ол осы сапарынан 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін елге оралып, ауылдағы кеңес жұмысына белсене араласады. Ауыл тұрғындарын ұжымдық шаруашылыққа біріктіруге ұйытқы болып, өзі бастап ұжымдық колхозға мүше болады. Отызыншы жылдардың басында Мәс­тексай ауылында ұйымдастырылған ма­ши­намен шөп шабу стансасы директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады. 1931 жылдан 1938 жылға дейін СОКП қатарында болады. Станса қамтуындағы «Новый путь» кол­хозына жіберілген Ешім Ғұмаров аталмыш шаруашылықта алты жыл бойы егіс бригадасының бригадирі болып қызмет атқарып, егіс көлемін ұлғайтып, одан мол өнім жиналуын қамтамасыз етіп, басшы органдардың көзіне түсіп, алғыр қызметкер ретінде ауызға алынады. Ұйымдастыру қабілетімен, іскерлігімен танылған Ешім Ғұмаров «Новый путь» колхозының басқарма төрағасы қызметіне тағайындалады. Ол басқарған шаруашылықтың экономикасы нығайып, мал басы өсіп, егіс шығымдылығы артып, колхозшылардың әл-ауқаты жақсарады. 1938 жылы оған «халық жауларымен» жақсы қарым-қатынаста болды деген жазықсыз жала жабылып, тұтқынға алынады. Ешім Ғұмаровтың жазықсыз тұтқынға алынып, тергеу барысында әкесінің жантүршігерлік қинаудан өткенін кейін баласы Мұхтар былайша айтып берген еді: -«Халық жауы» атанып, темір торда отырған әкеме тергеушілер «72 өлім сағатын» белгілеп, оны карцерге отырғызады. Одан өлмей қалған әкемді 25 жыл түрмеде отыру жазасымен ауыстырады. Дегенмен әкеме тағылған айып анықталмай, ол 1,5 жылдан кейін ауылға оралады. Осы уақыт ішінде көрген зорлық-зомбылықтан әкемнің жүйкесі жұқарды, денсаулығы нашарлады. Ешім туған ауылына оралған соң шаруашылықтың егіс бригадасын бас­қаруды қайта қолға алды. 1942 жылы әскер қатарына ша­қы­рылып, неміс-фашист басқыншыларынан босатылған Воренеж қаласындағы қи­раған өндіріс орындарын қалпына келтірудегі еңбек майданына араласып, өз үлесін қосты. Соғыс аяқталған соң елге оралып, «Новый путь» колхозы басқарма төрағасының мал шаруашылығы жөнін­дегі орынбасары, «Жаңаталап» колхозында мал фирмасының меңгерушісі қызметтерін абыройлы атқарып, ұсақ шаруашылықтарды ірілендіруге атсалысты. Кезінде халқына қызмет етіп, адалдығымен еліне сыйлы азамат ретінде танылған Ешім Ғұмаров көрген зорлық-зомбылықтың әсері денсаулығына әсер етіп, 1953 жылы 1-топтағы мүгедек ретінде зейнетке шығады. 1979 жылдың ақпанында дүниеден озды. Соңында әке өмірін жалғастыратын ұрпақ қалды. Олар әулеттің шаңырағын шайқалтпай, керегесін теңселтпей, отын маздатқан, шырағын жарқыратып ұстап отырған ұрпақ ретінде танылуда. Мұхтар ұзақ жыл халық ағарту саласында абыройлы қызмет атқарып, білім беру саласының үздігі атанған педагог. Ол қазір зейнет демалысында. Ешімнің немересі - Қанат Мұх­тар­ұлы Ешімов - облыстық мәслихаттың депутаты. Ол ұзақ жылдан бері еділбай қойын өсіретін «Бірлік» асыл тұқымды мал зауытын басқарып келеді. Ол басқарған шаруашылықтың экономикасы жыл сайын нығайып, мал басы өсіп, жұмысшыларының әл-ауқаты артуда.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть