Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Ән шығыпты, бейнебаян түсіріліпті.
Құтты болсын!
Қуанышпен бөліскен түрім ғой, бірақ кейде осы "Құтты болсын"-ды кімге айтарыңды білмей қалады екенсің.
Себебі, кездейсоқ, басқа адамдардан біліп қаласың әннің дайын болғанын, тіпті бейнебаян түсіріліп, елге ұсынылғанын.
Өткенде Әлекеңнің Әлібек Шегебай жары бөлісті, маған, құтты болсын айтып. "Біз неге бейхабармыз?"- дегендей азғантай базынасын да байқадым. Ойбууй, мен қайбір хабардар едім, сізден біліп отырмын ғой).
Міне, осылай, жаның тебіреніп шығарған әнің, мәпелеп баққан қызыңдай, қолыңнан ұшып кетсе бағын тілейсің де қала бересің.
Бірақ, әнші жарықтықтар авторларын сонша тығып, жасыратындарына таңым бар! Сүйіншілемей-ақ та қой, бірақ авторларды көрсетіп жазу керек қой?!
Аты шығып кетеді деп қорқады-ау деймін, әлде менсінбеу ма? "Таба нан" шыққан кеудеден ертең бұдан да керемет ән шықпайды, ол саған ұнамайды деп кім айтты?
Ән — ортақ, ел игілігі. Ән құтты болсын алдымен, Қуандық. @rakhym_kuandyk.kz
Есті ән ой салады, ес жиғызады. Таба нан — жылқы мен киіз үйден қадірі артық болмаса, кем емес қазақ үшін қасиетті ас. Біз ұлықтасақ нанды ұлықтадық. Бір уыс бидай мен бір үзім нанның қадірін бір білсе осы қазақ біледі. Дәмі мен иісі таңдайыңнан кетпейтін, жадыңда мәңгі сақталып қалған таба нан алақаны аялы аяулы ана бейнесімен тұтасып кеткен. Өлең авторы, ақын Әлібек Шегебай @alibek_shegebai осыны бізге ұғындырып, қазақ даласының тыныс-тіршілігін осы бір қоңыр өлеңге сидыра салған шеберлігі үшін мың алғыс!", — деп жазды Айгүл Бажанова.