Біржан Жақып (49 килограмм). Ол 1/8 финалда Хасанбой Дусматовты (Өзбекстан), ширек финалда Чакон Ривериді (Пуэрто-Рико) жеңді. Біржан Жақыптың жартылай финалдағы қарсыласы – Йосбани Вейтиа Сото (Куба).
Қайрат Ералиев (56 килограмм) 1/8 финалда Өмірбек Малабековты (Қырғызстан) ұтқан. Ал ширек финалда Лондон олимпиадасының чемпионы Робейси Рамиресті (Куба) ұтып кетті. Төрешілердің үшеуі де жеңісті Ералиевке берді. Ол жартылай финалда Джавид Шалабиевпен (Әзербайжан) кездеседі.
Берік Әбдірахманов (60 килограмм) 1/8 финалда Роберт Харутанянды (Германия), ширек финалда Луис Диасты (Венесуэла) жарыстан шығарды. Ол енді финалға шығу үшін Лазаро Эстраданы (Куба) ұтуы керек.
Мерей Ақшалов (64 килограмм) 1/8 финалда Карлос Адаместі (Доминикан Республикасы), ширек финалда Ермек Сәкеновті (Қырғызстан) ұтты. Ақшаловтың келесі қарсыласы 2011 жылғы әлем чемпионы Эвертон Лопес (Бразилия) болмақ.
Данияр Елеусіновтің (көк формада) жеңіске жеткен сәті. Алматы, 23 қазан 2013 жыл. Сурет бокстан әлем чемпионатының баспасөз қызметінен алынды.Данияр Елеусінов (69 килограмм) 1/8 финалда Сулеймани Сиссохоны (Франция) ұтып, ширек финалда Винченцо Манчикапреден (Италия) басым түсті. Былтырғы Лондон олимпиадасында италиялық боксшы ширек финалда Данияр Елеусіновті ұтқан еді. Бұл жолы Қазақстан боксшысы есе қайтарды. Оның келесі қарсыласы — Аражик Маритжан (Германия).
Жәнібек Әлімханұлы (75 килограмм) 1/8 финалда Хуан Меркадоны (Мексика) үшінші раундта нокаутпен жеңген. Ал ширек финалда Богдан Журатониді (Румыния) ұтты. Әлімханұлы финалға шығу үшін Антони Поулерді (Англия) жеңуі тиіс.
Әділбек Ниязымбетов (81 килограмм). Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов 1/8 финалда Арменд Хохайды (Косово), ширек финалда Сумит Сангванды (Үндістан) ұтты. Ниязымбетовтің жартылай финалдағы қарсыласы – Ойбек Мамазулунов (Өзбекстан).
Иван Дычко (91 килограмнан жоғары). Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Иван Дычко 1/8 финалда Иштван Бернатты (Венгрия) ұтқан. Ал ширек финалдағы қарсыласы Сатиш Кумар (Үндістан) жарақатына байланысты рингке шыққан жоқ. Осыған орай Дычко жартылай финалға шықты. Ол енді Эрик Пфейфермен (Әзербайжан) бокстасады.
Ілияс Сүлейменов (көк формада) пен Эндрю Селби. Алматы, 23 қазан 2013 жыл.Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына барлық салмақ дәрежесі бойынша қатысып жатыр.
10 боксышының екеуі ғана жартылай финалға шыға алмады. Антон Пинчук (91 килограмм) 1/8 финалда Рустам Тулагановтан (Өзбекстан) жеңілді.
Ілияс Сүлейменов (52 килограмм) Эндрю Селбиден (Уэльс) ширек финалда ұтылып қалды.
БАПКЕР ПІКІРІ
Ширек финалдық кездесулерден кейін Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов журналистерге сұхбат беріп:
— Берік Әбдірахманов өте сауатты бокстасты. Жәнібек Әлімханұлы ұтқанымен, бапкерлер қойған тапсырманы толық орындамады. Толық орындағанда айқын жеңіске жетер еді. Біржан Жақып пен Әділбек Ниязымбетов қарсыласын таза ұтты. Ақшалов та қарсыласынан рингте басым болды. Ал Қайрат Ералиев жеңіске жетем деген жігердің арқасында Лондон олимпиадасының чемпионын ұтып кетті. Данияр Елеусінов италиялық қарсыласынан Лондонда ұтылып қалған. Енді есесін қайтарды. Ілияс Сүлейменов жеңіліп қалды деп қайғыратын ештеңе жоқ, оның болашағы алда. Антон Пинчук бапкерлер қойған тактиканы дұрыс орындамай, жеңіліп қалды. Финал туралы айтуға әлі ерте, — деді ол.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов (оң жақта) Мерей Ақшаловқа кеңес айтып тұр. Алматы, 23 қазан 2013 жыл.Мырзағали Айтжанов чемпионат алдында Азаттыққа «Қазақстан боксшыларының мақсаты — екі алтын» деген еді.
Жартылай финалға Қазақстанның сегіз боксшысынан бөлек Кубаның — бес, Ресейдің — төрт, Италия мен Әзербайжанның — үш, Германия, Өзбекстан, Бразилия және Ирландия елдерінің екі боксшылары жолдама алды. Ал Уэльс, Таиланд, Украина, Моңғолия, Венесуэла, Англия, Аргентина, Алжир, Коста-Рикадан бір-бір боксшы келесі айналымға өтті. Жартылай финал — қазанның 25-і күні, финал 26-сы күні өтеді.
Авторы. Руслан Меделбек