Қарқыны күшті дауыл ақыры жетті АҚШ-қа. Кеше кешке күшіне енген «Сэнди» шығыс жағалауға жақын орналасқан бірнеше штаттың ойранын шығарды. Құрлыққа таяғанда желдің жылдамдығы сағатына 130 шақырымға дейін көтерілген. Дауыл соңы нөсер жаңбырға ұласты. Салдарынан Нью-Джерсидің көшелері суға толып, көлік қозғалысы қиындаған.
Табиғаттың шәлкез мінезі Нью-Йорк пен Массасучетсты де біраз әбігерге салды. 108 жылдық тарихы бар Нью-Йорк метросының 7 бекеті суға толып қалған. Ал тамырымен опырылған ағаштар мен жол ортасында төңкерілген көліктер құтқарушылардың жедел қимылдауына мүмкіндік берер емес. Қазір Американың 9 шататында төтенше жағдай жарияланды. 7 млн-ға жуық тұрғын электр жарығынсыз отыр.
Нью-Джерси жағалауындағы атом электр станциясы да қауіпті еселетіп отыр. Биіктігі 6-7 метрге дейін көтерілген толқындар станциядағы салқындатқыш құралын істен шығаруы мүмкін. Егер жағдай дәл осылай жалғаса берсе бір ғана атом станциясынан келетін зардаптың өзін айту қорқынышты дейді мамандар.
Бүгінде АҚШ-та төтенше жағдай қызметкерлерінен өзге мемелекеттік мекемелердің барлығы дерлік жұмысын тоқтатқан. Мамандар қазынаға келген шығынды млрд-тап санап отыр. «Сэнди» дауылы екі күнде 70-тен астам адамның өмірін қиды. Ал осы дауыл кесірінен Багам аралында қалып қойған қазақстандық жиһанкездер желдің сәл саябырсығанын айтып отыр. Енді жақын уақытта саяхаттарын әрі қарай жалғастырмақ.