Бүлінген тағдыр, шайқалған шаңырақ. Фильм желісі жат ағымның жетегінде кетіп, қоғамға сиыспай, оқшауланған жас жігіт жайында өрбімек. «Асыл арна» телеарнасының төл өнімі толық метражды «Сергелдең» фильмінің тұсаукесері 13 наурыз күні өтті. Басты рөлдерді сомдайтын — Алмат Сақатов және Мақсат Сәбитов. «Асыл арнаның» Бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Мұхамеджан Тазабек өзінің инстаграм парақшасында пікірін былай жеткізді: «Ойнағысы келетін бала көп, ойланғысы келетіндер аз, тіл білетін балаларды тәрбиелеп жатырмыз, тіл алатын баланы кім тәрбиелейді? Жастардың жат ағымға ілесіп, адасуға ұрынуының негізгі себебі — алғашқы туындаған діни, рухани сұрағында дұрыс жауап таппауында. Яғни, үлкендерге түсер салмақ көп. Үлгіміз үзіліп кеткелі қашан?! Бабалар ширатып ұстаған жіпті жалғай аламыз ба? «Сергелдең» фильмі соған жауап іздейді. Ақиқи дін, ата дәстүр, ана сүтімен дарыған қасиеттер… Елдігіміз өлмесін, тектілігіміз түгесілмесін!» Қазақ халқының мақтанышы — Дулат Исабеков Асыл арна түсірген «Сергелдең» фильміне жылы пікір білдіріп, зор табыс тіледі. Abai.kz порталының бас редакторы, публицист, жазушы Дәурен Қуат пен ұлтжанды азамат Ғабиден Жәкей, профессор Айгүл Ісмақова, жазушы Ермахан Шайхы, баспагер Жарылқасын Дәулет сынды ел азаматтары көрерменге жол тартқан «Сергелдең" фильмін тамашалап, өз ойларымен бөлісті. Сондай-ақ, ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат орденінің» және «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері Асылы Османова да Асыл арна ұжымына тілекші болып, фильмді тамашалап қайтты.