Семей қаласында мұғалімдерді жаңа жылдық жұмыстарға және көше тазалауға тартқан азаматтар жазалануы мүмкін, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Семейде мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны орнатуға тартып, соның салдарынан бір мұғалімнің ауыр жарақат алғаны белгілі болды. Биіктен құлаған мұғалімнің қазіргі жағдайы қалыпты, ол палатаға ауыстырылған.
«Семейдегі орталық алаңға шырша тігу кезінде 4-5 метр биіктіктен мұғалім құлады. ЖКХ-ның жұмысында мұғалім не істеп жүр? Әлде әкімдік әлі жететін мұғалімдерді қуып апарды ма?», — деп пікір білдірді журналист Оңғар Қабден.
Алайда «Педагог мәртебесі туралы» Заңның 6-бабында нақты көрсетілген: Мұғалімдерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын жұмыстарға тартауға қатаң тыйым салынады.
«Бұл жағдайды тек «жаңсақтық» деп қарастыруға болмайды. Жаңа жылдық шырша орнату, көше тазалау басқа да науқандарға мәжбүрлеп тарту сияқты ескі «дәстүрлерден» біржола бас тарту керек. Бұл — заңды өрескел бұзу», — деп пікір білдірді Асхат Аймағамбетов.
Осы оқиға бойынша қабылдануға тиісті нақты шаралар:
1. Облыс басшылығы бұл жағдайды мұқият тергеп, жауапты тұлғаларды жазалауы тиіс.
2. Мұғалімдерге тікелей міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартуды тоқтату үшін мнистрлік бақылауды күшейтуі қажет.
3. Білім басқармалары мен мектеп әкімшілігі мұғалімдердің құқықтарын қатаң сақтау бойынша міндеттерін орындауы тиіс.
Мемлекет басшысы әрдайым мұғалімдердің мәртебесін қорғау мен олардың құқықтарын сақтау мәселесін ерекше назарда ұстап келеді. Қоғамның міндеті — осы талаптарды орындап, заңның жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
Министрлік бұл жағдайды өз бақылауына алғаны үміт береді. Абай облысы Білім басқармасының мәліметінше, бұл дерекке қатысты қызметтік тексеріс басталды.
«Қуат Айтқалиевтің отбасына шынайы қолдау білдіре отырып, оның тезірек сауығуын тілеймін. Қазіргі уақытта оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Бұл жағдай ерекше бақылауға алынады», — деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.