Семей және Өскемен қалаларында бірінші ауысымдағы 1-шіден бастап 9-сыныпқа дейінгі оқушылар сабақтан босатылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл туралы облыстық білім басқармасына сілтеме жасап Шығыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті мәлімет берген.
"Білім басқармасының қаулысымен ауа-райы қолайсыздығына байланысты Семей және Өскемен қалаларында бірінші ауысымда оқитын 1-9 сыныптардың оқушылары сабақтан босатылды", — деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар қызметі.
Семей мен Өскемендегі ауа райы
Қазгидрометтің хабарлауынша, бүгін кешкісін Семейде сынап бағанасы -5, ал түнде -7, ал Өскеменде -3 градусқа дейін төмендеп, қар жауып, күн суытады. Ал күндізгі ауа-райы температурасы Семейде +3, Өскеменде +4 градусты көрсетіп тұр.
Ал әлеуметтік желіде қала тұрғындарының бөліскен суреттері мен видеосынан қарды, көктайғақты, тұманды байқауға болады.
"18 сәуір. Семей- Курчатов. Боран. Ертіс өзені, түк көрінбейді", — делінген бір видеоның астындағы жазбада.