Семей полигонын шаруашылыққа пайдалы ету үшін 9 млрд теңге қажет - kaz.caravan.kz
  • $ 499.51
  • 525.83
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
28 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Семей полигонын шаруашылыққа пайдалы ету үшін 9 млрд теңге қажет

Семей полигонын шаруашылыққа пайдалы ету үшін 9 млрд теңге қажет

Бұрынғы Семей ядролық полигоны (СЯП) еліміз территориясының 18 мың шаршы шақырым аумағын алып жатыр. ҚР Ұлттық ядролық орталығы мамандарының пайымынша, бұл жерлердің бір бөлігін қалпына келтіруге мүмкіндік бар. Радиациядан анағұрлым аз зардап шеккен жерлерді, тіпті ауыл шаруашылығында пайдалануға болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат YK-news.kz порталына сілтеме жасап.

  • 13 Қараша 2017
  • 272
Фото - Caravan.kz

Бірнеше мәрте қуатты ядролық сынақтар жүргізілген жерге егін егіп, мал жаю кімге және не үшін қажет болғанын Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталығында (ҰЯО) айтып берді. Бұл мекеме СЯП территориясына кешенді экологиялық зерттеу жүргізумен айналысады.

Орталықтан мәлім еткендей, полигонның территориясын шаруашылық қажеттілікке қайтару жердің жетіспеуінен туындаған. Аядролық алаңға жақын тұратын адамдар оның шекарасында көкөніс өсіріп, мал жаюға мәжбүр.

Тұрғындарды қауіпсіздендіру және қоршаған ортаның экологиялық ахуалын жақсарту үшін ғалымдар зерттеулер жүргізіп, аумақты тазарту шараларын жүргізуге тырысуда. Қазіргі уақытқа дейін полигонның жалпы аумағының 50 пайызы зерттелді.

Ұлттық ядролық орталық полигонды өнеркәсіп, көлік, байланыс және ғарыш салаларында пайдалануға болатынын анықтады.  Дегенмен, радионуклидтермен нормадан тыс мөлшерде ластанбаған учаскелер де бар. Олар әсіресе ауыл шаруашылығында пайдалы болуы мүмкін.

Ал ядролық жарылыстар жүргізілген аумақ мүлдем пайдаланылмайтын болады, себебі олардың ластану деңгейі өте жоғары.

Жалпы, Семей сынақ алаңының барлық аумағы «қордағы жерлер» санатына жатады. Бұл жерлерді пайдалана бастау үшін алдымен оларды басқа кадастрлық санатқа ауыстыру қажет.

«Біздің позициямыз келесідей: сынақ алаңдарының территориясы қолданысқа берілетін учаскелер ретінде қарастырылмайды, яғни олардың дәрежесі өзгермейді. Ядролық сынақтар өткен орындардың барлығы қордағы жерлер ретінде қалуы тиіс», — дейді ҰЯО филиалы Оқыту-ақпараттық орталығының жетекшісі Юрий Стрильчук.

Бүгінде полигонда өндірістік жұмыстар жүргізілуде. Мысалға, кезінде жерасты жарылыстар өткізілген «Балапан» алаңында Қаражыра көмір кеніші өңделуде. Айта кетейік, бұл отынды ШҚО өңірінің көптеген Жылу электр орталықтары пайдалануда.

Егер СЯП аймағында ауылшаруашылық өнімдері өсірілетін болса, мемлекет оның санитарлық талаптарға сәйкестігін тексеріп отыратын болады. Талаптардан болмашы ауытқулар анықталған жағдайда, жер учаскелері ауылшаруашылық айналымнан алынып, консервацияланады. Ал онда өсірілген көкөністер сатылымға жіберілмейді.


Радиацияның таза аумақтарға таралуын болдырмас үшін Ұлттық ядролық орталық полигонның ластанған жерлерін қайта қалпына келтіруді жоспарлап отыр.

«Бұл полигонға жақын жерде тұратын халықты қауіпсіздендіру деңгейін арттырады», — дейді Стрильчук.

Бүгінде «Бұрынғы Семей сынақ полигонының ластанған жерлерін қалпына келтіру» арнайы бағдарламасы әзірленді. Жерлерді қалпына келтіру үшін әтүрлі шаралар қолданылатын болады. Мысалға, радиоактивті қалдықтармен ластанған топырақтың үстіңгі қабаты арнайы алаңға шығарылып, көміледі. Ал ластану деңгейі төмен учаскелерде жер жыртылады немесе үстіне таза топырақ төгіледі. Аса қауіпті жерлерге ешкім өтіп кетпес үшін айналдыра кедергілер тұрғызылады. Сондай-ақ бағдарлама аясында радиациялық мониторинг жүйесі құрылатын болады.

Осы мақсаттардың барлығына 9 млрд теңгеге жуық қаржы қажет. Ұлттық ядролық орталық мамандарының сендіруінше, егер мемлекет аталған соманы бөлетін болса, алты жылдың ішінде Семей сынақ полигонының басым бөлігін шаруашылық айналымға қайтаруға болады.