Семейдегі Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасы ғимаратында өткен қаралы жиынға жазушының туыстары, замандастары, қаламдас достары, шығармаларын сүйіп оқитын қалың бұқара мен жастар жиналды.
Қаралы жиында алғашқы болып сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетов қаламгердің өміріне, артына қалдырған еңбектерінің маңыздылығына тоқталып өтіп, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин мен белгілі ақын Н.Айтұлының арнайы жолдаған көңіл айту жеделхатын оқып берді.
Сондай-ақ қоштасу барысында Семей қалалық мәслихат хатшысы Ж.Елубаев, Абай ауданының әкімі Т.Мүсәпірбеков, республикалық «Абай» журналының бас редакторы, ақын М.Оспанов, жазушы, қоғам қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының иегері С.Оразалиндер сөз алып Ырысхан Мусиннің жарқын бейнесі мен оның бай рухани мұрасы ұлтымыздың жадынан ешқашан өшпек емес деп жұртшылыққа көңіл білдірді.
Қаламгер Ырысхан Мұсаұлы Абай ауданының Құндызды ауылында 1933 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын 1958 жылы «Лениншіл жас» газетінде бастайды. 1965 жылы облыстық «Семей таңы» газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі 1977 жылдан бастап «Семей таңы» газетінің бас редактор қызметтерін атқарған. Бас редакторлық қызметте жүріп Семей сынды рухани орталықтың рухын көтеріп, халықтың санасын, болмыс-келбетін көтеруде айтарлықтай еңбек сіңірді.
Көп жылдардан кейін 1992 жылы республикалық «Абай» журналына бас редактор болып тағайындалады. 1994 жылғы сандарында «Ағасұлтан» романының бір бөлімі жарық көрді.
Ырысхан Мұсаүлы «Құрмет» орденінің, «Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер» атағының иегері. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі болған.