Жарияланды: 370

Семейде 6 жасар бала кәріз құдығына құлап, көз жұмды

Семейде 6 жасар бала кәріз құдығына құлап, көз жұмды. Бүлдіршін өткен жұмада із-түcсіз жоғалған болатын. Итімен серуенге шығып сол күйі оралмапты. 4 күн бойы маңайды түгел шарлаған полиция мен құтқарушылар баланың өлі денесін бүгін ашық жатқан құдықтардың бірінен тапты. Мән-жайды қазір тәртіп сақшылары анықтап жатыр. Ал қара жамылған отбасы кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етуде.

Таңертеңнен Семейдің полицейлері мен құтқарушылары кәріз құдығын айналшықтап жүр. Олардың әрекетін арлы-берлі өтіп жатқан адамдар түсінбей дал. Біраздан соң шұңқыр ішінен үсті-басы шылқыған бүлдіршіннің денесі шығарылды.

Өлі денені көріп, жағаларын ұстаған тұрғындар оның кім екенін бірден таныды. 4 күн бұрын осы маңда тұратын Артем Новиков есімді бала із-түссіз жоғалған болатын. Итімен серуендеуге шыққан бүлдіршін сол күйі оралмапты. Кенжесінен айрылған ана орын алған жағдайға әлі сенер емес.

Светлана Азаренок, Артем Новиковтың анасы:

- Түскі тамақ әзірлеп, баламды күтіп отырғанмын. Алайда Артем келмеді. Бір жамандықты сезіп, жүрегім қысты.

Десе де көршілерінің бұл отбасыға қатысты пікірлері басқа екен. Қайғылы оқиғаға марқұмның ата-анасының өзінен кінәлап отыр.

Надежда Достовалова, Семей қаласының тұрғыны:

- Бала күнде көше кезіп жүретін. Анасы мүлдем қарамайтын оған. Көрінгеннен қайыр тілеп жүргенін байқайтынмын.

Осыған ұқсас оқиға бүгін Қарағандыда да орын алды. Абырой болғанда, құдыққа түскен 4 жасар қыз тірі қалған.

Мұрат, құдыққа түскен қыздың туысы:

- Шешесі тізерлеп отыра қалды, ойбай, Мұрат ана бала түсіп кетті деп, түсінбей қалдым өзім, есім шығып кетті де баланы қойып үстімдегі, жүгірдім. Келіп қарасам бала жатыр түбінде арқасында жатыр жылап. Сосын кірдім де алып шықтым, өзім алып шыққам жоқ, кетіп бара жатқан адамдар көмектесті.

Бір айтары, семейлік Артем көз жұмған аумақта ашық жатқан құдықтардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Жол жиегін айтпағанда, балалар алаңқайының жанында үңірейіп тұрғандары қаншама.

Бала қандай жағдайда көз жұмғанын нақтылау мақсатында мәйіт сараптамаға жіберілді. Қара жамылған отбасы болса, мұндай қайғы тағы біреудің басына түспес үшін, құдықты ашық қалдырғандар қатаң жауапқа тартылмайынша, тыным таппаймыз деп отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін