Жарияланды: 380

Семейде әскери қызметкер мүгедек болып қалғанын басшылықтан көріп отыр

Семейде әскери қызметкер мүгедек боп қалуына басшылығын кінәлап отыр. Келісім-шарт бойынша бөлімшеде жүргізуші боп істеген Радик Хасанов осыдан үш ай бұрын жүк көлігінің астында қалып қойған. Қазір төсек тартып жатыр. Командирдің бұйрығын орындадым деген ол ешқандай өтемақы берілмегеніне наразы. Әскери бөлім басшылығы болса, “оның өзі қауіпсіздік ережесін сақтамады” деген желеумен ат тондарын ала қашуда.

Мына әуесқой түсірілімде Семейдегі 35411 әскери бөлімінің сержанты Радик Хасанов қос аяғының қалай жансыз боп қалғанын түсіндіруде. Командирінің бұйрығы бойынша, Урал көлігін жөндеп жатқанда, тіреуіш тайып кетіп, 10 тонналық ауыр техника басып қалған. Екі омыртқасы сынған ол қазір мүлдем қозғала алмайды.

Радик Хасанов, Семейдегі №35411 әскери бөлімінің жүргізушісі:

- Жанымдағы көрген балалар менің жағдайымды көрді де, айтайын десе оларды командир бригады мен майор Темірбеков қорқытып отыр. Егер сендер айтатын болсаңдар біттіңдер деп.

Әкесі арыз-шығымын айтып бөлім басшылығына сан мәрте барыпты. Әскери полицияға да жүгінген. Дегенмен, онда қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан көрінеді. Енді ол бөлім басшылығын сотқа бермекші.

Ғабдыразақ Хасанов, Р.Хасановтың әкесі:

- Үйдегі малдарды барып сатып, соның ақшасына дәрі алып жүрміз. Командирлері түк көмектеспеді. Ол: «Маған бәрібір сендердің нелерің, менде министрлікте Астанада отыр менің кісім»,- дейді.

Министрліктегі лауазымды тұлғаларға иек артып отырған бөлім басшылығымен бетпе-бет жүздесу бізге де мүмкін болмады.

- Мына жерде  мынадай нәрселерді қолдануға болмайды. «Болмайды» деген бұйрық бар бізде. Түсіруге болмайдыыы!

Тіпті телефонмен де тілдесе алмадық.

 - Командир бар ма?

- Жоқ-жоқ, ол кісі жоқ, демалыста.

- Оның орнында кім бар екен?

- Олардың барлығы жиналысқа  кетіп қалған орталыққа. Жиналысқа кетіп қалды.

- Бүгін бола ма олар?

- Жоқ бүгін болмайды.

Әскери полициядан қайыр болмаған соң қызметкердің жақындары әскери прокуратураға сенім артып отыр. Құзырлы органнан олар жағдайдың жіті тексерілуін талап етуде. Ал әскери бөлім басшылығынан 300 мың теңге көлеміндегі өтемақы өндіріп алмақ.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін