Қаладағы орта білім беретін мектептің бастауыш сынып оқушылары астан уланғанын айтқанбыз. Бірден 16 баланың қызуы көтеріліп, ауруханаға жеткізілген. Таң атқанға дейін мектеп асханасынан түстенген тағы 29 оқушыға дәрігерлік көмек қажет болды. Екі бала тіпті жансақтау бөлімінде ем қабылдауда. Қазір асхана жабық. Ал тамақ дайындаған жеке кәсіпкерге қатысты тексеру жүріп жатыр. Дәрігерлер де, шенділер де балалардың өміріне еш қауіп жоқ деп, жұртты жұбатып әлек.
Сәуле Мұқышева, ШҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
-Жансақтау бөлімінде жатыр деген сөзден адамдар қатты қорқады. Ондағылардың жағдайы соншалықты ауыр емес. Оларды тек басқалардан бөлек емдеу үшін оңаша жатқыздық. Эпидемия пайда болды деп даурығу да артықтау. Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз.